«Ясауи жолы» — тым қарапайым шыққан

0
56

Факультетіміздің театр мамандығы студенттерінің күшімен қойылған «Ясауи жолы» спектаклін көріп шықтық. Ясауидің өмір сүрген заманы, орта ғасырларда үстемдік құрған күштілер мен әлсіздердің арақатынасы, жағымпаздық психология мен жасампаздық іс-әрекеттер жақсы шендестірілген.

Декорация, киімдер жағы да барынша дәуір сипатын береді. Біліп отырмыз, ұжым жоқтан барды жасауға тырысқан.

Пьесаның драматургиясына келер болсақ, оқиғаның шиеленісуі, дамуы, шарықтауы қарапайым, әлеуметтік маңызы биік емес оқиғаларға құрылғандай әсер қалдырды. Пьесаның прологы мен эпилогы ұзақтау болып көрінді.

Билік басындағылар мен Ясауидің арақатынасына анықтық керек сияқты. Екі ортада Жантық типтес образдың жүруі бұрыннан таныс тәсіл.

Ясауидің төбесінде әңгіртаяқ ойнататындай ол қарадан шыққан көптің бірі болмаса керек. «Құл Қожа Ахмет» атануының мәнісін төтелей түсінуге болмайды. Ол адамның емес, Алланың құлы.

Кейбір деректер бойынша Ясауи — хан ұрпағы. Орталық Азияға 712 жылы араб қолбасшысы Ибн Күтайба келген соң, ислам дінін жамылып Дешті Қыпшақ даласына енген дәруіштер аз болмаған. Оған Ақсақ Темір еріккеннен кесене салдырмаса керек.

Алғашқы құрылысы тоқтап қалса да, кейін толық аяқтатқан. XIV ғасырда Орталық Азия жерінде Ақсақ Темір құрған ұлы империяның астанасы Самарқан болса, Ясауи кесенесінің көлемі Регистан маңындағы Ұлықбек медресесінен еш кем емес. Тіпті Ақсақ Темірдің өзі жатқан кесенеден де көп биік. Бұл тегін бе?

Пьесада Ясауи діндар адам, дәруіш ретінде көрсетілген. Дәстүр бойынша пайғамбар жасына келгенде қылует түсіп, хикметтерін жазған. Осы дін жолында ұлын берген. Өз кезеңіне қояр болсақ, шәкірт емес, мүрид деген дұрыс болады.

Ясауидің жүріп өткен жолы тым қарапайым шыққан. Жастық шағы қамтылса да, ойшылдың жеке бейнесін сомдау мақсатында ешбір әрекет жасалмаған.

Осы себепті ақынның өсу, есею кезеңдері көмескі қалған. Қылуетке кіруі қамтылса да, қоғамдық ойды дамытуға қосқан үлесі ашылмай қалған.

Орта ғасырдағы ислам дінінің аясында қалыптасқан сопылық ағымның болмысы да сараланбаған. Рас, ақынның хикметтері, олардың жазылған тіліне байланысты мәліметтер бар.

Бірақ онымен Ясауи түрік ақыны ретінде таныла қойды деп айту қиын. Ол сопылық ағым өкілдерінен жырақ алынған. Арасында сопылық нанымға тән зікір салу, музыка тыңдау (само) элементтерін қолданғанда дәуір ерекшеліктері сипаттала түскенде, болар ма еді.

Жалпы белгілі бір кезеңде өмір сүрген тұлғалар туралы пьеса жазғанда, ең алдымен, оның қоғамдық ойды дамытуға қосқан үлесі саралануға тиіс. Мұндай мәселеде бір ғана діндар болып, мүрид тәрбиеледі деген аздық етеді.

Қоғамдық-формациялық тұрғыдан келгенде дін – дүниені танудың белгілі бір кезеңге тән көрінісі. Ясауи жағдайында ол Мұхаммед пайғамбар (632 ж. өлген) заманынан, яғни VII ғасырдан бергі жер. Оның арғы жағында да адамзат баласы болып, олар түрлі фараондарға сыйынған.

Ұзақ заман зороастризм нанымы үстемдік құрып, отқа табынған. Осындай түрлі наным-сенімдердің бірі – ислам болса, Ясауидің ойшылдығы неде? Оның іс-әрекеттерінің прогрестік мәні биік пе, регрестік сипаты басым ба? Міне, осы мәселелерге басты назар аударылса керек еді.

Әрине, бұл талаптарды біз пьеса авторына қаратып айтамыз. Олардың режиссерге төтелей қатысы жоқ. Дегенмен ойланатын тұстары бар.

Бұл жердегі басты мәселе діннің мазмұны мен болмысына келіп тіреледі де, философтардың еншісіне өтіп кетеді. Қалай болғанда да VII ғасырдан бергі жерде туған діни наным ғылыми танымды алмастыра алмаса керек.

Ғылыми таным үшін Ясауидің ақындығы, ойшылдығы, пәлсапашылдығы, қоғамдық ойды дамытуға қосқан үлесі мен жаңалығы маңыздырақ деп түсінеміз.

Себебі кез келген тарихи-мәдени, діни құбылыстар прогресс пен регресс арасында ғана танылады.

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ, ғалым, өнертанушы.

Facebook  жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.