Заңсыз салынып жатқан «G-Park» компаниясының «Dublin» тұрғын үй кешені қашан бұзылады?

0
124

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада бейберекет құрылыс салу мәселесін орынды сынайды. Мәселен, Астананы дамыту жөніндегі кеңесте Президент балабақша мен мектептердегі орын тапшылығына, сондай-ақ рұқсаты жоқ құрылыс нысандарына бекер тоқталған жоқ. Мемлекет басшысы: «Төрт мыңға жуық үлескердің мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұр. Әкімдік пен Үкімет бұл мәселені жылдың соңына дейін шешуге тиіс. Сонымен қатар заңнамалық базаның  осалдығы салдарынан қалада жаңа түйткілді нысандар пайда болуы мүмкін. Қазір Астанада рұқсат етілген құжаттары жоқ 90-нан астам тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс компаниялары жай ғана мардымсыз айыппұл төлеп, азаматтардан ақша тартуын қояр емес. Үкімет мемлекеттік реттеу шараларын қатаңдатқаны жөн. Құрылыс компанияларының заңды белден басып, үлескерлерден ақша тартуына жол беруге болмайды. Бұл жұмысқа Қаржылық мониторинг агенттігі атсалысуға тиіс,» – деп ұйғарым жасады.

Енді дәл сондай өткір мәселе күн тәртібіне шықты. «G-Park» компаниясы (еншілес компаниясы «Stroy Group kz — 2021» ЖШС) «Dublin» тұрғын үй кешеніндегі құрылысты ешбір құжатсыз бастап кеткен. Соның кесірінен ғимарат салынып жатқан жердің астынан жылу магистралі өте алмай тұралап тұр. Астана қаласының әкімдігі «ВД Строй-инжиниринг» ЖШС-не 2023-2024 жж. жылыту маусымы басталғанша жылу магистральдық жобасын уақытылы аяқтау міндеттеген. Ал заңсыз ғимаратты айналып өту де мүмкін емес. Жобалық-сметалық құжаттама талаптарына сай аталған учаскеде жылу трассасын төсеу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыру мүмкін емес. Мұны Мемлекет басшысының Қорғалжын тас жолы бойынша газ жылу станциясын іске қосу және Астана қаласында жылу энергиясының тапшылығын төмендету жөніндегі тапсырмасына немқұрайлы қарау деп түсінуге болады.

Осыған байланысты, 2023 жылғы 14 ақпанда «Астана қаласының отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ «G-Park» компаниясының еншілес ұйымы «Stroy Group kz-2021» ЖШС-не жылу трассасы учаскесіндегі заңсыз салынған «Dublin» тұрғын үй кешенін бұзу туралы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берген. 2023 жылғы 4 сәуірде сот шешімімен талап арыз толық қанағаттандырылды, «Stroy Group kz-2021» ЖШС-і өз есебінен құрылысты бұзуға міндеттеу туралы шешім қабылданды. Соттың бұл шешімі жеделдетіліп орындалуға жіберілді.

Алайда, қызықтың көкесі басқаша болып тұр. Соттың шешімі бола тұра «G-Park»компаниясы «Dublin» тұрғын үй кешенін салуды тоқтатудың орнына жандандыра түскен. Ш.Айтматов пен Ж. Молдағалиев көшелерінің қиылысындағы ғимараттың іргетасына монолит құю жұмыстары бітіп, бірінші қабаттың кірпіш конструкциялары өріліп жатыр. Астана қаласының Геоақпараттық орталығының мәліметінше, тұрғын үй кешенінің іргетасы құйылған жердің нысаналы мақсаты дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу үшін берілген (https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-saulet?lang=kz. Кадастрлік нөмірі: 213201355281). Демек, құрылыс компаниясы нысаналы мақсатқа көз жұма қараған.

«G-Park» компаниясы «Dublin» тұрғын үй кешенінің  құрылысы былтыр басталған. Алайда, құрылыс-монтаж жұмыстарына қатысты құрылыстың басталғаны туралы хабарлама жіберілмеген, жер учаскесіне тиісті құқық, заңнамада белгіленген сараптамадан өткен жобалық құжат, авторлық және техникалық қадағалау секілді шарттардың бірде-бірі жасалмаған. Осылайша, қолданыстағы заңнаманың талаптары өрескел бұзылып, өз бетінше құрылыс салуға кірісіп кеткен.

Сондай-ақ, құрылыс компаниясы күллі ақпарат пен жағдайды біле тұрып, баспананың салуын тоқтамағанын ескерсек, бұл болашақта үлескерлер арасында әлеуметтік шиеленісті тудыратыны анық.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Stroy Group kz-2021» ЖШС-нің өз есебінен құрылысты бұзуды міндеттеді. Соттың шешімі жедел жүзеге аспаса Есіл ауданындағы біршама тұрғын үй екінші Екібастұздың кебін киіп, қысты жылусыз қарсы алу қаупі бар. «G-Park» компаниясының жеке мүддесі қарапайым халықтың сорына айналмаса игі.