«…заңы жұмыс істемейтін елде тұру қорқынышты боп бара жатыр» деген заңгер Шерзат ісіне қатысты әділ тергеуді сұрады

0
697

Шерзаттың жаназасы боп жатқанда, біреулер әкесіне телефон соғып, “заңгердің көмекшісімін, сізбен бір кісі сөйлеседі” деп, трубканы қамауда жатқандардың біріне беруі — заңды белден басудың шыңы емес пе?

Онысы “Еркош деген болам, жігіттердің ағасымын. Тыныш жүр”-деп, ескерткен. Қаржаубай оны журналистерге берген сұқбатында айтып отыр.

Одан кейін көңіл айтқан боп, бір жігіттер бейітке апарады да, “тыныш жүрмесең, балаңның қасынан көріңді дайындай бер” дейді.

2008 жылы Талғарда орын алған сұмдық оқиға туралы өткенде Serik Abikenuly аға жазып еді..Жоғалып кеткен бір жігітті туыстары көміп кеткен жерінен тауып алып, арулап, жерлегелі жатқанда, екі-үш машина келіп, қаралы үйге оқ жаудырыпты.

Сол жерде қызмет істеп жүрген бір келіншектің тамағын оқ орып, қайтыс болады. Бір адам жараланады. Өлтіріп, көміп кеткен адамды қазып алып, жерлеп жатқан қаралы үйге шімірікпей, ойран салып кеткендерде қандай қасиет бар?!

Серік аға кейіннен сол жазбасын алып тастады..Не себеп болды екен?! Қорқытты ма, әлде біреулерден пәрмен түсті ме?! Көкейде сұрақ көп..Жауап таппай, ел есеңгіреп отыр..Ол іс жайлы репортаждар да бар екен. Соңы қалай аяқталыпты?

Жігітті көміп кеткендер анықталды ма? Жауапқа тартылды ма, әлде жабулы қазан жабулы күйінде қалды ма?..Бұл оқиғаның түп-тамырын осы істен бастап, тексеру керек сияқты..

Осыдан кейін “дәлел бар ма, қалай нақты жазып отырсыз?”-деп, әңгіме айту нағыз екіжүзділік, аярлық емес пе?!

Нақты мына адам деп жатқан ешкім жоқ, бірақ марқұм баланы жерлеген күні изолятордан ба, түрмеден бе хабарласқан “заңгердің көмекшісі” кім?

Заңгер емес, адвокат болады, күдіктіні қорғап жатса. Заңгерлердің(егер заңгерлер Палатасында тіркелсе) қылмыстық істерге қатысуға өкілеттігі жоқ.

Қатысса да, тек жәбірленушіні қорғайды. Егер шынымен адам өлтіргендерді қорғап жатқандардың көмекшісі хабарласқан болса, оны анықтау керек.

Қай адвокаттың көмекшісі, кімдер қорғап жатыр. Шынымен адвокат көмекшісі ме, басқа адам ба? Қай алқаның адвокатының көмекшісі екенін анықтап, ол адвокатқа тәртіптік шара көрілу керек.

Лицензиясынан айыру туралы мәселе қозғалу керек! Айдын Бикебаев, осы іске назар аударып, адвокаттардың мынадай заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоюыңызды сұраймын!

Ал “заңгер көмекшісі” деген атты жамылып, полиция қызметкерінің бірі хабарласса, ҚР Бас прокуратурасы / Генеральная прокуратура РК, тексеріп, анықтауларыңызды сұраймыз! Еркош деген кім?!

Марқұмның әкесін бейтіке алып барып, “тыныш жүрмесең, балаңның жанынан көріңді қаза бер” деген кімдер?! Тез арада жеке бастары анықталып, қамауға алыну керек! Бәрі түгел жауапқа тартылуы тиіс!

Депутат мырзалар мен ханымдар! Халыққа мынадай беспредел орын алып жатқан, заңы жұмыс істемейтін елде тұру қорқынышты боп бара жатыр..

Марқұмның әжесі, әкесі осы жайттардың бәрін шырылдап айтып, неше күннен бері БАҚ-тарға сұқбат беріп жатыр. Қылмыстық топ пен қылмыскерлерді түгел құрықтаудың орнына, біреулерді “ақтау операциясы” жүріп жатыр.

Қылмысқа қатысы болмаса, онсыз да ақталып шығады емес пе? Аттары аталды ма, бәрін жауапқа тарту керек! Анық-қанығы анықталғанға дейін. Қамамаса да, жауап алынып, тергеу амалдары жүргізілуі тиіс.

Осының бәрі елдің көз алдында орын алып жатса да, құқық қорғау органдары шімірікпей, тергеу құпиясын жариялатып, жәбіреленуші тарапты кінәлі еткілері келіп отыр.

Мынадай жағдай бұдан ары жалғаса берсе, арты жақсы болмайды..Шерзаттың отбасы ғана емес, елдің дені Қазақстаннан көшуге мәжбүр болады.

Елдің тыныштығына нұқсан келеді. Көңілде күдік те, үрей де көп..Балалардың болашағы үшін алаңдаймыз. Қолға алып, бақылауда ұстауларыңызды, тиісті органдардан талап етулеріңізді сұраймыз!

Ләззат АХАТОВА, заңгер.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.