Зәулім сарай: ҚМБД неге сонша ақталып әлек болды?

Бірнеше күннен бері бүкіл әлеуметтік желі Астанадағы зәулім сарайға қатысты пікірталас алаңына айналды деп жазады Democrat.kz.
Ә дегеннен «Астананың бас имамының үйі екен» деген жаңсақ ақпарат еліміздегі діншіл қауымды аяқтан тік тұрғызды. «Жоқ, Астананың бас имамының үйі емес, бұл — «Зекет» қорының бұрынғы басшысының үйі» деп қысқа ғана қайырып, әңгімені тоқтатуға әбден болар еді.
Алайда неге екені белгісіз, ҚМБД өкілдерінен бастап, имамы бар, имамға ұқсайтыны бар, әйтеуір үлкен бір қауым күні бүгінге дейін әлгі зәулім сарай әңгімесін «езіп отыр».
Сондағы айтатындары — «зәулім сарай -имамның үйі емес, жалған ақпарат таратты, дін дұшпандарының ісі бұл, әдейі арандатты, әлеуметтік желіде өтірік ақпарат таратқанды жазалау керек» деген сыңайдағы сөздер.
Өтірік ақпарат таратушыны жазалағыш болса, өтірікке жаны қас болса, ҚМБД да, онымен байланысы бар бүкіл пенде «қазақтың 70 пайыз сөзі — арабтың сөзі» деп Қабылбек уағызшы беті бүлк етпей өтірік айтқанда, қайда қалды?
Ақиқатты ғана қалайтындар Ғалымжан Құрманбек «батырларымыз дін үшін соғысты» деп тарихымызды бұрмалағанда, қайда қалды?
Нұрсұлтан Рысмағамбет дін үшін соғысқа шақырғанда, Жарқын Мырзатай салт-дәстүрді өз бұтының айналасымен түсіндіріп, бұрмалағанда діншіл, ақиқатшыл қауым қайда еді?
Діннің айналасында жүрген кісінің зәулім сарайы жарияға шығып кетіп еді, ұлардай шулап қоймағанын қалай түсінбек керек? ҚМБД неге көпке дейін «зәулім сарай әңгімесіне» қатысты ақталумен болды?
Астана имамының үйі емес екен, жарайды. Алайда әлгі зәулім сарай — Қазақстанды басқарып отырған Президенттің емес, қатардағы кәсіпкер және «Зекет» қорының бұрынғы басшысының үйі екені сізді ойлантпай ма?
«Берген садақаң мен зекетті жарияға салма, міндет етпе, есебін сұрама» деген сыңайдағы әңгімені дүмше қауымның санасына сіңіріп тастағандар осы жолы секірудей секірді. Неге?
Себебі «Зекет» қоры мен әлгі зәулім сарайдың аты қатар аталуда. Себебі бұл ақпарат қазақ деген ұлтқа емес, «садақа, зекет» деп аталатын жәшікке кесірін тигізуі мүмкін.
Рамазан айында пітір-садақасын еш ойланбай, мешіттегі жәшікке тастайтын қауым мына «зәулім сарай ақпаратынан» кейін «мен сияқтылардың ақшасына кейбіреулер осылай шалқып өмір сүріп жатқан жоқ па, осы? Мен сияқтылардың ақшасына біреулер 4-5 қатын алып, зәулім сарайда нағыз жұмақта жүрген жоқ па екен?» деп күмәндануы, ойлануы мүмкін ғой?! Әбден мүмкін!
«Зәулім сарай» әңгімесінің тоқтамай тұрғаны, ҚМБД-дан бастап, имам-уағызшылардың тоқтаусыз ақталу жазбаларының да басты себебі — міне осы.
Әйтпесе, облыс, қала былай тұрсын, ауыл-аудан имамдарының бірнеше әйел алып, қымбат көлікпен, мықты үйде тұратынын көзіміз көрмей жүр ме?
Қазақ деген ұлттың құндылықтарына, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, тарихына, тіліне қатысты қисынсыз, өтірік дүниелерді емін-еркін айтатын діншіл қауым енді не деп «шынайы ақпарат» сұрағыш болып қалды?
Қоғамнан ақиқатты сұрамас бұрын ҚМБД әуелі айналасындағы бүкіл суайт уағызшы-имам, діндарларын жауапқа тартсын.
Міне, содан кейін ғана қарапайым халық діндарларға қатысты тек шынайы ақпарат тарататын болады.
Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.
Фото көрнекілік үшін.