Зейнетақыға байланысты министр не айтты?

0
37

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зейнетақы жинағына ақша аудармай жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың зейнетақысы қалай тағайындалатынын түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.

Министр С. Жақыпова Электронды еңбек нарығы порталын таныстыру үшін БАҚ өкілдерімен «галстуксыз» кездесу өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді. Қойылған сұрақтардың арасында 1998 жылдан кейін еңбекке араласқан, бірақ зейнетақы жинағына бірде-бір теңге аудармаған адамдардың келешегі туралы сауал болды.

«Базалық зейнетақы бәріне кепілдендірілген, яғни бәріне төленеді. Егер ол азаматтардың бірыңғай зейнетақы қорына аударған жарналары, аударымдары болмаса, мемлекет оларға да базалық зейнетақы төлеуден бас тартпайды. Базалық түрде көмегін береді. 1998 жылдан бері жарнасын тұрақты аударып келе жатқан азаматтар артылған сомаға баспанасын алып, денсаулығын түзеп жатыр. Менің айтарым, жұмысқа тұрған кезде еңбек шартын жасау керек. Нақты түрде аударымдарды уақтылы аударылғанын қадағалау керек», — дейді министр.

Ведомство басшысы әсіресе 1998 жылдан бастап қана еңбекке араласқан азаматтар зейнетақы қорына айлығынан жарна аударылуын қатты қадағалау қажеттігін айтады.

«Қазір зейнетке шығып жатқан азаматтардың зейнетақы мөлшері қолданыстағы норма бойынша есептеледі. Ал негізінен сексенінші жылдары туған азаматтарға жаңа тәсіл енгізілуі мүмкін. Олардың зейнетке шығуына дейін әлі уақыт бар ғой. Сондықтан олар қазірден бастап жарналарды тұрақты аударып отыруы керек», — деді Светлана Жақыпова.

Фото ашық дереккөзден алынды.