Мұғалімге сыйлық беру — пара беру болып табылады

0
3072

Democrat.kz ақпараттық порталында “Ақша жинағыш ата-ана білім саласының атына кір келтіреді” атты мақала жарияланған еді.

Мектепте ақша жинау мәселесіне қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірінен жинақталған осы мақалаға орай ақпараттық танымдық жәнен құқықтық тұрғыда мақала жазуды жөн санадық.

Жалпы, “ақша жинау” дегеніміз жемқорлыққа жол ашатын бір әрекеттің түрі екенін білесіз бе? “Бала үшін” қандай жағдайда ақша жинауға болады? Алдымен осы екі сұрақтың нақты жауабын біліп алайық.

Мәселен, балаңыз сынып болып суретке түсті делік. Ол суретті алу үшін ақша жинап берсеңіз, бұл “бала үшін” болады. Ал енді мұғалімге сыйлық алуға сынып болып ақша жинау — мұғалімге пара берумен бірдей. Заң бойынша кез-келген сыйлықты беруге тыйым салынады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12 бабы және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50 бабына сүйенсек, беру себебіне (мереке күндері, туған күн), сондай-ақ сыйлықтың түріне, санына, құнына және өзге де сипаттамаларына қарамастан (мысалы, тәтті, кәдесыйлар) кез келген сыйлықты беруге тыйым салынады.

Ал осыған қарамастан, ата-аналар чатында ақша жинау науқаны жүріп жатса, онда ақша жинауды ұйымдастырушы да, ақша жинауға қатысушы да заңға қарсы әрекет еткен болып табылады. Сондай-ақ ондай азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің 366 бабына сәйкес жауапқа тартылады.

Алайда біздің ата-аналар мұндайда не дейді? “Балам үшін беріп жатырмын” деп өзін жұбатады. Балаңыз үшін сіз мұғалімге сыйлық беруге міндетті емессіз. Мұғалім өзі атқарған жұмысы үшін мемлекеттен арнайы жалақы алады.

Мысалы, балаңызға сатушы ұнаған ойыншығын тауып берді делік. Сондайда сіз “балама жәрдем етті” деп сатушыға ойыншықтың ақшасынан басқа тағы сыйлық бересіз бе?  Бар болғаны алғыс айтасыз, солай емес пе?

Олай болса, неге мұғалімге “білім берді” деп сыйлық алуға ұмтыласыз? Жалпы, әр сыныпта жағымпаз, қорқақ, сауатсыз ата-ана болары сөзсіз. Міне, сондай ата-ана ғана қит етсе, ақша жинап, мұғалімге сыйлық беру арқылы жағынып қалуды көздейді.

Білімді ата-ана ешқашан ондай әрекетке бармайды. Өкінішке қарай, “ақша жинау, мұғалімге сыйлық беру — заңға қайшы” деген ата-ананы түртпектеп, “тоқылдақ” деп шеттетіп, тіпті сыныптағы оның баласына да достары тарапынан қысым жасалатыны бар.

Бұл енді барып тұрған наданның әрекеті. Егер әлгіндей түртпектеу, шеттету секілді әрекет анықталса, ол үшін де заң алдында жауап беретінін  ата-ана үмытпағаны жөн. Буллингке қатысты Президентіміз Тоқаевтың өзі бастама көтеріп, арнайы заңға қол қойған.

Өткен мақаламызда да жарияладық, аталмыш жазбаға орай “тоқылдақ”, “сенің балаңды да “тоқылдақ” дейді”  деген пікірлер жазылған-ды. Әлеуметтік желіде пікір жазудың да өзіндік мәдениеті мен әдебі болатынын білмейтін білімсіз ата-аналар дәл сол әлеуметтік желіде жазған бейәдеп сөздері үшін заңды түрде жауапқа тартылатынын қайдан білсін? Өкінішті. Алайда ең өкініштісі, қоғам сауатсыздық деңгейінің шегінен шығып барады.

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден көрнекілік үшін алынды.