Жалған дабыл қағып, ел ішіне іріткі салудың керегі жоқ

Кешелі бері Тоқаевтың тіл туралы айтқан сөзін бұрмалап, халық арасына іріткі салғысы келетіндер бой көрсетіп жатқанын байқадым. Олар Мемлекет басшысының сөзін әдейі бұрмалап, қоғамда алауыздық тудыруға тырысып жатқан сияқты.
Президент не деді деп, білмей отырғандар болса. Ол ешкімнің ешкімге «мына тілде сөйле» деп бұйыруға құқы жоқ деді. Бұл адам еркіндігіне, Конституцияға негізделген ұстаным.
Ойлап қараңыз, дәмханада, ЦОН-да немесе басқа да қоғамдық қызмет орындарында еш қиындықсыз қазақ тілінде ақпарат ала аласыз. Ешкім сізге орыс тілінде сөйле дей алмайды.
Күнделікті өмірде де сатушы болсын, таксист болсын я казахский не понимать деп отырмайды. Отыруы да мүмкін, бірақ сіз қазақ тілінде сөйлей беруге толық құқылысыз. Себебі ешкім сіздерге орыс тілінде айт деп талап ете алмайды. Президенттің меңзеп отырғаны да осы.
Әлдекімдердің бұл сөздерден қандай «қауіп» көріп отырғанына таңым бар. Ел ішіне іріткі салғысы келетіндер жалған дабыл қағып, жоқ жерден шу шығармақ. Біз бұндай арандатушыларды ашық түрде айыптауымыз керек.
Өйткені бұл жай ғана пікірталас емес, мемлекет тұтастығына қарсы әрекет. Тілді саяси құралға айналдыру елдің іргесін сөгумен пара пар.
Жалпы, лайк үшін тілден жанжал шығарып отырғандардың мақсатын түсіну қиын. Бұл мәселеде жеңілтек қарым-қатынасқа орын жоқ.
Сонымен бірге, Президент қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі ешқашан төмендемейтінін айтты. Расымен де қазақ тілі құқықтық және тарихи негізі бар тіл. Тоқаевтың айтуы бойынша биыл 80% түлек қазақша ҰБТ тапсырады, 70% бала қазақша мектепке барады. Бұл нақты көрсеткіш, шынайы жетістік.
Қалай болғанда да Қазақстан көпұлтты, көптілді мемлекет. Бізге араздық емес, ауызбіршілік керек.
Қазақ тілінің мәртебесін көтерудің ең дұрыс жолы құрметпен, біліммен, тәрбие арқылы үйрету.
Тіл араздықтың емес, бірліктің құралы екенін есте ұстайық.
Рахат АРҒЫНБАЙ, белсенді ұстаз.
Фото автордың парақшасынан.