Жан рахатын Христиан дінінен тапқан қазақ қызы

0
815

20 жастағы Жібек – Қазақстандағы Христиан дініндегі протестанттық ағымның өкілі. Кейіпкер 18 жасында саналы түрде мәсіхшілікті қабылдаған. 

Жібек Stan.kz тілшісіне Христиан дініне қалай келгенін, хейтке ұшырағанын және оның сенімі мен таңдауын қоғам қалай қабылдағанын айтып берді.

20 жастағы Жібек мәсіхшілер (Христиан дінін ұстанатындар) отбасында дүниеге келген. Қазір ол  теміржол саласында білім алып жүр.

“Сеніміме тиісіп, жеке басыма тіл тигізді”

Жібектің айтуынша, ата-анасы 25 жасында христиан дінін қабылдаған. Кейіпкеріміз мәсіхшілер отбасында туып, кішкентай кезінен қауымға барып жүрсе де, 18 жасында Христиан дініне қалай келгенін айтты.

“Көп нәрсені түсінбегендіктен саналы түрде Исаны қабылдай алмадым. Жасөспірім кезімде мүлде жаман әдеттерім көбейіп, қауымға да көп бармай кеттім. Проблемаларым көбейіп кетті. “Мұның бәрі не үшін керек? Өмірдің мәні неде?” деп ойлайтын болдым. Кейін мүлдем Құдайға ұнамсыз әрекеттер жасайтын адамдармен араласатын болдым. Сол адамдарға еліктеп кеттім. Сөйтіп жаман әдеттерге бейім болдым. Осылайша теріс жолда жүргенімде жағдай өзінен-өзі басқаша өрлей бастады. Қауымдағы құрбыларым қандай жағдай болмасын маған қолдау көрсетіп, қауымға шақырып жүрді. Осылайша араласатын ортам менің жақсы жаққа қарай өзгеруіме себеп болды”, – дейді кейіпкер.

Саналы түрде христиан дініне келген ару таңдауы үшін қоғам тарапынан буллингке ұшырағанын жасырмады.

“Ата-анам 25 жасында өмірде іздегендерін тауып, Христиан дінін қабылдады. Осылайша өз іздегендерін тапты. Біз Қазақстанда ресми тіркелген мәсіхшілердің протестанттық ағымына жатамыз. Негізі мектеп оқып жүрген кезде Христиан дінін қабылдағанымды ешкімге айтпағанмын. Себебі буллинге ұшыраймын деп қорқатынмын. Бірақ уақыт өте келе жасырмайтын болдым. Сенімім туралы айтқанда неше түрлі реакциялар болды, адамдар әр түрлі қабылдады. Біреуі түсіністік танытса, енді бірі таңдауымды мүлдем түсінбейтін. Жақын құрбыларымның да кекетіп қалатын кездері болатын. Әрине, өзімді жаман сезінетінмін, бірақ ешбіріне жауап бермейтінмін”, – дейді Жібек.

Айтуынша, ол әлеуметтік желіде де таңдауы мен сеніміне қатысты ауыр сөздер естіген.

“Әлеуметтік желіде неше түрлі хейт жазылады. Біреуі сеніміме тиіседі, біреуі жеке басыма тіл тигізеді. Көбіне «кәпір, сектантка» және басқа да түрлі боғауыз сөздер жазады. Басында жүрегіме жақын қабылдап, көңіл күйім түсіп қалатын. Ал қазір түсінушілікпен қарап, Құдай жар болсын деп қоя саламын”, – дейді кейіпкер ағынан жарылып.

Десе де Жібек өзін мазалаған сұрақтардың жауабын діннен таптым дейді. Айтуынша, ол қиындықтар мен кедергілерге тап болғанын және оның шешімін таппай жүргенін Құдай алдында мойындап, оны “құтқарушым” деп қабылдаған.

“Ең бірінші ойым өзгерді, өмірге басқаша қарай бастадым. Міне, осы кезде саналы түрде бәрін түсіндім. “Мен кіммін? Бұл өмірге не үшін келдім?” деген сауалдардың жауабын осы сенім арқылы. Бірде дұрыс емес жолда жүргенімді және ондай дүниелерден жұбаныш таба алмайтынымды түсіндім. Ішімде жиналған барлық реніш пен қиыншылықтарды Құдай алдында мойындадым. Өзімді кінәлі сезіндім, бірақ Христиан діні мені мейірімі мені жамандықтан сақтап қалды. Кейін 18 жасымда Исаға келіп, оны құтқарушым ретінде қабылдадым. Христиан дінін қабылдаған соң 3 айдан кейін өмірімді толығымен өзгерді. Өмірге деген көзқарасым және мінезім өзгерді, менің жан дүнием трансформациядан өтті деп айтуға болады. Ескі Жібек пен қазіргі Жібек мүлдем басқа адамдар сияқты. Бұрын мен ашуланшақ едім, ал қазір барлығына төзімділікпен және сүйіспеншілікпен қараймын. Бұл тек Құдайдың арқасында. Мен де іздегенімді таптым, Құдайдың сүйіспеншілігі мен тыныштығын сезіндім. Өзімді бақытты адаммын десем болады”, – дейді кейіпкер.

“Адам суға түсіп шыққаннан соң “жаңа адам” болды деген түсінік бар”

Бойжеткеннің айтуынша, протестанттық ағымдағы адамдардың католиктер және православ жолдағы жандардан айырмашылығы – олар шоқынбайды.

“Христиан” дегенде бәрі шоқынатындар деп ойлайды, бірақ біз шоқынбаймыз. Бізде су бүрку деген жоқ. Шомылдыру рәсімі бар, бірақ бұл католиктер мен православтарға ұқсамайды. Протестанттық ағымда адамдар өзен мен көлдерде немесе бассейнде киіммен бірге толық суға шомылады. Адам суға түсіп шыққаннан соң “жаңа адам” болды деген түсінік бар”, – дейді бойжеткен.

Жібек сенімі мен таңдауын қабылдамай, өзіне сөге қараған адамдарға жауап берді.

“Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Бұл біздің Конституциямызда жазылған. Әрине, көп адамдар қазақ болған соң ислам дінін ұстану керек деп ойлайды. Бірақ менің ойымша, әр адамның жеке таңдауы және өз жолы бар. Жақындарым мен туыстарымның көбі христиан дінін ұстанады. Арасында мұсылмандар да бар. Басында ата-анам осы жолды қабылдаған кезде олардың таңдауына қарсы келгендер болды. Бірақ қазір бәрі жақсы. Бір-бірімізді құрметтейміз және таңдауымызға сүйіспеншілікпен қараймыз”, – дейді бойжеткен.

“Құдайды мадақтап, бір-біріміз үшін мінәжат етеміз”

Жібек жексенбі күнін мәсіхшілердің жиналатын орны қауымда бірге өткізетінін айтты. Протестантизм жолын ұстанушылар таңын Құдайға алғыс айтумен бастайтынын айтады.

“Таңғы астан кейін ата-анаммен қауымға жиналамыз. Қауым – мәсіхшілердің жиналатын орны. Ол жерде адамдар Құдайға сиынып, Құдайдың сөздерін тыңдайды. Адамдардың көбі қауымды көшеде тұратын шіркеу деп елестетеді. Бірақ қауым мүлде басқаша. Қауымға барғанда ең алдымен Құдайға сиынамыз. Қауым біткеннен кейін бәріміз бірге шәй ішіп, әңгіме айтамыз. Содан кейін бізде жастар жиналысы болады. Жастар жиналысында Інжілді оқып, талқылаймыз. Аптамыздың қалай өткені жайлы айтамыз және бір-біріміз үшін мінәжат етеміз. Осылайша жастармен үйге қайтып, ары қарай ата-анаммен уақыт өткіземін”, – дейді Жібек.

3-курс студентінің қазіргі бар арманы – оқуын ойдағыдай аяқтап, жақсы жұмыс орнына тұрып және ата-анасына көмектесу.

Фото дереккөзден және интернеттен алынды.