«Жаңа адамдар» қозғалысы алымсақтық құрбандарына үндеу тастады

0
461

13 сәуір күні әлеуметтік желілерде №076ХА (Қызылорда–Петропавл) бағытындағы пойызда орын алған алымсақтық оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Жолаушы қыз пойыз жолсерігінің тарапынан қысым көріп, оның қолынан тартылып, вагоннан вагонға дейін аңдуға ұшыраған. Жолсерік тіпті: «Сені түнде ұйықтатпаймын!» деп қорқытқан.

 

Зардап шеккен қыз – «Жаңа адамдар» қозғалысының белсендісі. Ол бұл оқиғаны жасырып қалмай, қоғам назарына бірден ұсынды. Себебі алымсақтық – жекелеген жағдай емес, жүйелі мәселе. Оқиға жария болған соң, Жаңа адамдар қозғалысының «Тұмар» азаматтық науқаны белсенділері қызбен байланысып, мән-жайды анықтады. Қызметтік өкілетін асыра пайдаланған жолсерік – 1992 жылы туған Жанибек Абдикаликов екені белгілі болды.

 

Алайда ең сорақысы – пойызда ондай әрекеттерге куә болған жолаушылардың ешқайсысы көмекке келмегені. Қоғамның үнсіздігі – қылмыскерлерге сенімділік береді. Қыздардың өздерін тіпті көпшілік орында да қауіпсіз сезінбеуі – бұл қасіреттің көрінісі.

 

Жолсерік кейін қызға хабарласып, кешірім сұраудың орнына, өз әрекетін ақтап алуға тырысқан. Бұл – зорлық көрсетушінің жазасыз қалу қаупін және жауапкершіліктен жалтаруға тырысқанын көрсетеді.

 

«Жаңа адамдар» қозғалысы алымсақтық құрбандарына “Бұндай жағдайға тап болсаңыз, үндемей қалмаңыз! Полицияға жүгініңіз, өз дауысыңызды естіртіңіз. Қоғам үнсіз болса – қылмыс жалғаса береді. Азғындардың есімі мен бет-бейнесін бүкіл ел білуі керек”-, деп үндеу тастады.