Жаназаға берілген ақша үшін педагогты соттап, айыппұл салған
Әкесі қайтыс болғанда әріптестері батаға жинаған 40 мың теңге үшін сот 1 жарым миллион штраф салып, жұмыстан босатқан! Мынандай масқараны естіп пе едіңіздер?
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында орналасқан №2 сот қайтыс болған адамға жиналған ақша үшін 1 жарым миллион айыппұл салған.
Аудандық білім бөлімінде тәрбие жөніндегі бас маман болып жұмыс істейтін Қожмамбетова З-ның әкесі Қожмамбетов А.М 2023 жылдың 26 қарашасында ауыр науқастан (рактан) қайтыс болады.
Зариманың әріптестері, аудандық тәрбие мамандары қазақтың жөн жоралғысымен қайтыс болған адамның үйіне келіп, көңіл айтумен қатар «аз да болса көмек болсын»- деп, 3000-5000 теңге арасында қаражаттарды Зариманың каспи голд картасына аударады.
Ең қызығы, бата жасамаған бір топ мұғалім Антикорға арызданған.
Арызды тексерген Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агентіктегі қызметкер Абенов Бекболат осы істі сегіз ай тергеп, қылмыс құрамы жоқ (дәлелденбегендіктен) деп, құқық бұзушылықтың бар жоғын анықтау үшін сотқа жібереді. Қызығы, арызданған адамдардың ешқайсысынан З-ның банк картасына ақша түспеген.
Сот 22. 07.2024 жылы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы №2 сотында, судья Султанова Айнур Пердекожаевнаның басшылығымен, білім бөлімінің сенімді өкілі Дюсембаева Галия Муратбекқызы (өмірі білім бөлімінде жұмыс істемеген мүлде танымайтын тұлға) А. Байтұрсынов мектебінің тәрбие маманы Құмарбекова Сәулемен бірге Қожмамбетованың қатысуымен онлаин сот өтеді.
Сот бір жақты шешім қабылдап, қылмыс құрамы дәлелденбеген, тәрбие маманы Зариманың ақша сұраған, немесе бопсалаған бір ауыз сөз немесе жазбасы жоқтығына қарамастан Заримаға 1 млн 550 мың 640 теңге штраф салады.
Арызданған адамдар ешқайда жұмыс істемек түгілі, кім екені белгісіз, тіркеуде жоқ кісілер болып шыққан. Сотқа куәгерлікке келген 20 тәрбие жөніндегі орынбасарды судья сотқа қатыстырмай қойған!
Оңғар ҚАБДЕН, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.