«Жаназаны имамсыз өткізіп, марқұмды арулап аттандырған халықпыз»

0
1251

Әлеуметтік желіде Ерсін имамның кезекті бір уағызы тарады деп жазады Democrat.kz.

Бұл видеода Ерсін Әміре қайтыс болған адамдардың қайсысы жаназасыз көмілетіні туралы түсінік беріпті. Имамның сөзіне қарағанда, Ислам дініне сенбеген, иман келтірмеген пенделер жаназасыз о дүниеге атттанады.

«Жаназа — мұсылман адамды соңғы ақтық сапарға шығарып саларда оқылатын іс-шара болып табылады. Аллаға сенген, иман келтрген, өзін мұсылманмын деген адамға ғана оқылатын дүние. Егер бір адам Аллаға сенбесе, Исламға тіл тигізсе, мұсылмандарға «арабқұл» дейтін болса, ол адамға жаназа шығарылмайды»,- дейді Ерсін имам.

Имамның осы сөздеріне қатысты бірнеше кісінің пікірін сұрап көрдік. Алған жауабымыз төмендегіше болды.

Артықбай СӘКЕНҰЛЫ, тарихшы, зейнеткер: «Бір жаратушының барына сенетін адаммын. Атамнан, әкемнен көргендерімді жасап, жалғастырып, қазір өзім ұлым, немереме үйретіп жүрмін. «Ешкімнің ала жібін аттама», «ешкімге қиянат жасама», «обалдан қорық» дегенді санаға сіңірдік. Мешіт жағалап, бос, көпірме уағыз тыңдамаймын. Намаз оқымаймын, ораза ұстамаймын және қажылыққа бармаймын. Алайда бір жаратушыға сенемін. Өмір бойы адам деген атыма дақ түсірмеу үшін түзу жолмен жүріп келемін. Ішімдік ішіп, қамалмадым. «Талақ» деп әйелден-әйел ауыстырып, әр әйелді баласымен тастап, қорламадым. «Еркекпін, әйел маған бағынуға тиіс» деп әйел сабап, жылатпадым. Алайда имамның айтуынша, мен өлсем, жаназасыз көміледі екенмін. Бұл қалай? Намаз оқып, мешіттен шықпайтын талай арамзаны танимын. Сонда солар әспеттеліп, жаназамен көміле ме? Имамның бұл сөзіне берер жауабым — әуелі айналасындағы арамтамақтарды жөнге келтіріп алсын».

Гүлжахан АСАУБАЕВА, этнограф, зейнеткер: «Имам әуелі жаназаның не екенін, кімдікі екенін біле ме? Сауаты бар болса, жаназа — қазақтың әдет-ғұрпы екенін білер еді. Өкінішке қарай, қазақтың бүкіл құнды дүниесін ұялмай, ұрлап алып, әлдебір діннің ішіне тықпалаған дүмшелер ең болмаса, тарихтан да хабары жоқ қой! Жанның азат етілуі деген түсініктен шыққан «жаназа» әлдебір имамның арабша сүре оқуына байланып қалмаған. Кеңес дәуірінде де имамсыз, сүресіз ата-бабамыздың жаназасын өткізіп, арулап көмген халықпыз. Сондықтан имамдар жұртты олай адастырмай-ақ қойсын».

Қайрат ЖАҢАБЕК, тарихшы, дін зерттеуші: «Таяуда ғана бір жаназаға қатысып, бір жағдайға куә болдым. Сол жаназада ақ сәлдесін ораған, тозақпен жұртты қорқытуға шебер имам болмады. «Неге молда жоқ?» деп сұрағанымда, «оның қажеті қанша?» деген жауап алып, ойланып қалдым. Расымен де, имамның жаназадағы рөлі қандай? Мәйітті арулап соңғы сапарға аттандыру рәсіміне имам-молдалар сыналай кіріп алып, өздеріне басты рөлді алып алған ғой. Әйтпесе, имам мәйітті жуып, кебіндеп, шырағын жағып, түні бойы күзетіп, қала берді қабірін қазып, қазылған қабірді өлшеу үшін ішіне түсу сияқты шаруаның қайсысын атқарады? Ең ақыры, мәйіттің табытын көтеріспейді де ғой! Шапаны желпілдеп өлген кісіні шығаратын кезде шауып келіп «бұл адам қандай еді?», «қарызы бар ма?» деген санаулы сұрағын қойып, зират басында арабша сүре оқығаннан басқа, имам-молданың белі қайысып жасайтын жұмысы бар ма жаназада? Арабша бір сүре оқып, аңқау елдің аузын аңқитып, жаназаны да өздеріне ыңғайлап алғандарға айтарым, қазақ — имам, молдасыз да ақтық сапарына арулап аттанады, қазақтың соңғы сапарға аттану ғұрпы да — жаназа деп аталады. Жаназаға діннің ешқандай қатысы жоқ».

Дайындаған — Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.