Желтоқсан — 1986: Кесілген таспадағы шындық пен сұмдық

0
264

Желтоқсан айы басталып, далаға қар жауа бастағанда денем түршігеді. Сол бір 1986 жылдың 17-18 желтоқсанындағы көріністер көз алдымнан тізбектеліп өтеді, құлағыма сол күндердегі шу келеді… Денем түршігеді, көзіме жас келеді.

1986 жылдың 17 -18 желтоқсанында «Қазақ» теледидары қызметкерлері түгелдей алаңда болдық. Үстімізге водавозбен су шашылып, сырт киімдеріміз сең болып қатты,басымызға таяқ тиіп, бас жарылды, мұздай жертөлелерде тепкі астында қалып,талай қыздарымыз тұрмысқа да шықпай қалды… Ал жиналыстар мен тергеулерді айтпасаң да түсінікті. Бірақ біз бір-бірімізді сатпадық.

Жаңалықтар бөлімінің бас режиссері ағам Рубикжан Яхинға сол 17 желтоқсан күні алаңға жиналған жастарды Темирязев көшесіндегі ғимараттың 5 қабатынан көріп тұрған телеарна басшысының орынбасары Сағат Әшімбаев телефон соғып: «Керек болады, түсіріп алшы»,-деп тапсырма береді.

Ағам операторсыз өзі камераны алып,алаңдағы Шәмші Қалдаяқовтың «Менің елім»әнін асқақтата айтып, алаңның ана басынан, мына басына қарай жүрген жастардың бейбіт шеруін түсіреді.

Комитет адамдары ағамды ұстап алып, телевидениеге алып келіп, көрсетуін талап етеді. Рубикжан комитет адамдарының «Дайындай бер»,-деп кабинеттен шығып кеткенін пайдаланып, пленканы аппаратқа салып, айналдырып жіберіп, жартысын кесіп алып, тығып қояды.

КГБ қызметкерлері келіп, материалдың азайып қалғанына сезіктеніп, сұрақ-жауап алады. «Бары осы» дегеннен танбай, кешкілік пленканы үйіне апарады.

Отбасына қауіпті екенін түсініп, ертесіне жұмысқа алып келіп, сейфтің астына тығады. Кабинетінде жалғыз қалғанда, Сағат Әшімбаев ағаға хабарласады.

Сағат аға дереу өзіне жеткіз деп, командировкадан келіп жатқан спорт комментаторы Рабат Жәнібековті шақырып, видеоматериалды беріп, тығып қоюын тапсырады.

Рабат аға кезінде өзі пәтерде тұрған үйдің бақшасына апарып, пленканы көміп тастайды. Тексерулер басталып, сұрақ-жауаптар алынса да, бір-бірін сатпайды.

Кейін Сағат аға пленканы алдыртып,жары Шәрбану Бейсенова апайға аманаттайды. Рубикжан ағам бұл жағдайды тіс жарып айтқан емес. Тек, 1996 жылы Желтоқсан көтерілісінің он жылдығына журналист Ұлболсын Айтөленова апай «Желтоқсан және тәуелсідік» деген бағдарлама жасап, Сағат аға туралы сұхбат алуға барғанда, Шәрбану Бейсенова апай сол пленка туралы, бұл материалдың артынан комитет қызметкерлерінің не үшін аңдығаны туралы айтады.

Әңгіме барысында Рабат ағаның аты аталған соң, Ұлболсын Айтөленова апай Рабат ағадан сұхбат алып отырып: «Сіз кім түсіргенін білесіз бе?»-дегенде өзінің әріптесі Рубикжан Яхин екенін айтқанда бір редакцияда қызмет жасап, он жыл бойы Рубикжанның тіс жармағанына таң қалады.

Осы бағдарламада Сағат Әшімбаев ағаның аманатына адал болып, материалды үйінде тығып ұстаған Шәрбану Бейсенова апай, ағаш түбіне тығып аман алып қалған Рабат Жәнібеков ағай, бір мемлекеттің бодандықтан бостандыққа талпынған Бейбіт жастар шеруін түсірген ағам Рубикжан Яхин да сұхбат береді.

Сонда ғана он жыл өткенде ағамның ерлігін естідім. Иә,тапсырма берілсе әркімде камера алып, оқиғаны таспалайды.

Бірақ орталық эфирдан, газеттерде Қазақстанда маскүнем-наркомандар алаңға шығыпты деп хабарлап жатқанда, ешқандайда басбұзарлар, бұзақылар емес екендігін дәлелдейтін түсірілген материалдың жартысын кесіп алып, тығып қою әркімнің қолынан келетін шаруа емес деп ойлаймын.

Сондықтан да комитет адамдары осы пленканың артынан қудалады. Және де ол жерде таспаланған талай қазақ жастары осы материалдың кесіліп алып қалуының арқасында қудалаудан аман қалды.

Мен Сағат Әшімбаев ағаның дер кезінде берген тапсырмасы, ағам Рубикжан Яхиннің алаңдағы бейбіт жастар шеруін түсіріп алып, жартысын кесіп тығып қалуы, оны Рабат Жәнібеков ағаның жерге көміп қоюуы, Шәрбану Бейсенова апайдың жарының аманатын орындап, үйінде пленканы тығып қою ерлік деп есептеймін.

Қазір эфирдан беріліп жүрген желтоқсан көтерілісіне байланысты материалдарды көріп тарихта шындық видеоматериалдың қалғанына қуанамын.

Қуанамын да қынжыламын ….Қынжылатын себебім ертең ұмыт болып қалады деп ойлаймын. Барлық желтоқсаншылар қатарында бұл тарихи оқиғаның, бір мемлекеттің бодандықтан бостандыққа талпынған Бейбіт шеруінің таспасының қалай аман қалғанын » Қазақстан тарихы» пәніне енгізу керек!!!

Себебі, ол ерлік!!!»Қазақстан «Ұлттық телеарнасында жаңалықтар бөлімінде, Жастар, Мұрагер, музыкалық,спорт, «Таңшолпан» редакцияларында, Хабар, Спорт, Жетісу арналарында бас режиссер қызметтерін атқарған Рубикжан Яхин ағам 2014 жылы 23 шілдеде кезекті түсірілімнен кейін, ауыр науқастан атақ-дәрежесіз 59 жасында қайтыс болды.

Сағат Әшімбаев,Рабат Жәнібеков ағаларда дүниеден озды. Жандары жәннатта болсын!!!

Зулхаят МАХАНОВА.

Ақпарат және фото әлеуметтік желіден.