“Жер сілкінісін қолдан жасап отыр” дейді (ВИДЕО)

0
2297

Алматының жері қайта-қайта тербеліп, қала халқын қорқытып отырғаны белгілі. Тілсіз апаттың кейбір кісілерді қорқытқаны сонша, Алматыны тастап, басқа қалаға қоныс аударуда екен. Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты пікірлер легі толастамай тұрғаны тағы бар деп жазады Democrat.kz. ақпараттық порталы.

Мұндай табиғи апаттарда ең бірінші әлеуметтік желілерде бірден “көріпкелдер” бой көрсететіні бесенеден белгілі. Бірі бұл жер сілкінісін алдын-ала білгенін айтса, енді бірі түс көргенін айтуда. Діни сенімдегі адамдардың басым бөлігі “Алматы күнәһарларға толды. Зілзала Аллаһтың жіберген ескертуі” деп кінәні қала халқына жабуда.

Осындай толассыз пікірлер арасында “Бұл- қолдан жасалып отырған нәрсе. Жер сілкінісі әдейі, алдын-ала ұйымдастырылып, қолдан жасалуда” деген адамды байқап қалдық. Tik-Tok әлеуметтік желісінде kanatnurekenov (қазақшаласақ, Қанат Нұркенов — ред.) атымен тіркелген азамат Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты “жер сілкінісі қолдан жасалып отыр” деп видео жариялады. Бұл кісінің парақшасын ақтарып көріп, оның қоршаған айналаға, экологияға қатысты видеолары барын көрдік. Сонымен қатар ол айналамызда болып жатқан құбылыстарға қатысты өз сұрағын қойып, оқырмандарынан жауабын сұрайды.

4 наурыз күнгі Алматыдағы жер сілкінісінен кейін де Қанат Нұркенов өз видеосында: “Мұның бәрі бекер емес. Әр үйдің кіреберісіне арнайы QR белгілері қойылды. Осыған дейін де айтып едім. Әлдебір апат болатыны туралы ешқандай белгі жоқ еді. Меніңше кешегі (наурыздың 4-індегі) жер сілкінісі алдын-ала ескерту, бізді дайындау. Қалада да сары автобустар кезіп жүр. Есіңізде болсын, мұның бәрі бекер емес. Сол сары автобусқа балаңызды мінгізсеңіз, оны қайтып көрмейсіз. Бұл жер сілкінісі қолдан жасалып отыр деп санаймын. Бұған олар ұзақ дайындалды. Соңғы болған жер сілкінісі алдағы үлкен апаттың ескертуі”, -дейді.

Осы видеоның астындағы пікірлерді сүзіп шықтық.

“Расымен де қолдан жсалып отырған сияқты. Себебі ит, мысық соңғы екі жер сілікінісінде де алдын-ала түк сезбеді. Басқа-басқа табиғатпен тығыз байланысты үй жануарларының бұл әрекеті мені таңғалдырды”,-десе, енді бірі “жер сілкінісі кезінде әдетте жер астынан әлдебір гуіл естілетін. Ал бұл жер сілкіністерінде ондай дыбыстар болмады. Неге?” деп сұрайды.

“Тек бізде ғана емес, әлемнің әр тарапында жер сілкінісі күн сайын болып жатыр. Бәлкім жер планетасындағы ауқымды өзгеріс дегені осы шығар” деп келесі бір оқырман ой салады.

Оқырмандарының көпшілігін мазалаған бір сұрақ болды. Ол да: “Егер жер сілкінісін қолдан жасап жатса, онда осыны жасау кімге не үшін керек? Бізден құтылғысы келсе, бірден неге жойып жібермейді?

Қалай десек те, интернет заманында өз ойын білдіріп әлеуметтік желіге шықпас бұрын жалған ақпарат таратудың заңмен қудаланатынын ұмытпағанымыз жөн. Сонымен қатар онсыз да қорқынышта отырған халықты әрмен қарай жүрегін ұшыру да жақсы емесін ескерейік. Ал Қанат Нұркеновтің пікірімен келісесіз бе, жоқ па, ол сіздің өз еркіңізде. Тек жауапты мекеме өкілдері интернетте өріп жүрген осындай видео, жазбаларға тиісті жауаптарын ресми бергені дұрыс болар еді. Әйтпесе, алматылықтар жер сілкінісінен емес, үрейдің салдарынан зардап шегетін сөзсіз.

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.