Жоғары сыныпта дене шынықтыру сабағын бөліп өту керек пе?

0
492

Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев таяуда мектептегі дене шынықтыру пәніне қатысты ойын білдірді деп жазады Democrat.kz.

Министр өз сөзінде жоғары сыныптарда өтетін дене шынықтыру пәнін ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек өту туралы пікір барын айтты. «Бұл ойымызда жүрген дүние. Алдағы уақытта бұл мәселені қарастырамыз» деді министр. Себеп? Бұл туралы министр ашып, ештеңе айта қоймады.

Жоғары сынып оқушыларының д/ш сабағын ұл-қыз деп бөлу туралы сұраныс қайдан шықты? Қандай қажеттілік бар? Бөліп оқытқан дұрыс па? Осы сұрақпен бірнеше азаматтың пікірін сұрап көрдік.

«Байқасаңыз, соңғы уақытта тек әйелдерге арналған кафелер, пойыз вагондары, такси сияқты дүниелер пайда болуда. Мұның себебі — қоғамдағы еркектердің адамдықтан алыстауы дер едім.

Әйелді зорлап кету, қол жүгірту, қорлау, өлтіру сынды оқиғалар күн санап көбеюде. Ондай сұмдықтарды жасап жатқан кім? Әрине, еркектер.

Міне, осыдан кейін амалсыз әлгіндей бөлек дүниелер пайда болуда. Мектептегі д/ш пәнін ұл-қызға бөлек оқыту да әлгіндей әрекеттердің алдын алу үшін жасалмақ. Демек, елімізде еркектерге деген сенім жоғалған.

Еркекке сенбегендіктен әйелдерді оқшаулау үрдісі басталды. Министрдің бұл пікірін лажсыз қолдауға тура келеді. Себебі оқушы қызымыздың жаман жағдайға түсіп қалғанын қаламаймыз» — дейді алматылық Еркінбек Ибрагимов.

«Дұрыс та шығар. Алайда бүгін дене шынықтыру сабағын ұл-қызға бөліп оқытсақ, ертең жалпы ұл мен қызды бөлек-бөлек оқыту туралы бастама көтерілмей ме?

Осы жағын ойланған жөн-ау?! Өйткені білесіздер, қазір қоғамда қаптаған дүмшелер шариғи ұстанымдарын әр салаға сыналай тығып, жанталасып жүрген жоқ па?

Меніңше, ұл-қызды д/ш сабағында бөліп өткізгенше, осыған себеп болған проблеманы шешекен дұрыс. Не себепті бөліп оқытпақ? Қыздарға ұлдар зорлық жасауы мүмкін бе?

Олай болса, баланың тәрбиесін дұрыстаған жөн. Біздің кезімізде неге мұндай сұраныс болмады? Себебі тәрбие мықты еді. Ал қазір әсіресе ұлдың тәрбиесі тізгіннен шыққаны сондай, еркектеріміздің басым бөлігі әйел аңдудан әріге аспайтын ез болды.

Ұл мен қызды бір пәннен бөліп оқытып, проблеманы шешу мүмкін емес», — дейді зейнеткер ұстаз Қалима Дарханқызы.

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.