Жұмыстағы еркектің әйелдерге қырындауына заңмен тыйым салу керек

0
154

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай парламентте жұмыс істейтін қызға қырындаған экс-мәжілісмен Асқар Садықовтың әрекетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бибігүл Жексенбай мәжілістегі әріптесінің мұндай әрекетке барғаны өте өкінішті жағдай екенін айтты.

«Біз заң шығарушы орган ретінде заңның орындалуы, адамдардың құқықтарын қорғау бағытында табанды жұмыс істеуіміз керек. Әріптестердің осылай жасағаны дәлелденіп жатса, менің ойымша, бұл заң жүзінде қарастырылуы керек. Жалпы біздің заңнамада харассмент ұғымы енбегенмен, Еңбек кодексінде, Азаматтық кодексте адамның құқығын қорғау, адамның абырой-беделіне нұқсан келтіру толыққанды қаралған. Сондықтан біздің азаматтарымыз сол құқықты толыққанды пайдалануы керек. Мұндай дүниелердің алдын алу үшін біз көп жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын», — дейді ол сенат кулуарында.

Бибігүл Жексенбай харассмент ұғымының заңнамаға енбеуінен қазір осындай жағдайлар орын алып отырғанын мойындады. Депутат мәжілістегі әріптестерімен бірлесіп, осы бағытта жұмыс істеуге дайын.

«Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда жылдар бойы харассментті қалыпты жағдай ретінде қабылдап келгеніміз рас. Өркениетті елдерде, Еуропа елдерінде, Америкада соңғы жылдары бұл көп заңдарға енді. Тіпті кейбір мемлекеттерде бұл қылмыс ретінде қарастырылады. 2019 жылы Женева конвенциясының жиынында осы мәселе көтерілген болатын. Бірақ әлемнің барлық мемлекеті соған қосылып жатыр деп айта алмаймын. Себебі бұл қоғамның дамуына да байланысты. Сондықтан қоғамда теріс әрекет орын алмас үшін заңнамалық тұрғыдан қарастырылуы керек деп ойлаймын», дейді сенатор.

Оның айтуынша,  тек қысым жасайтын адамдар емес, қысымды көрген адамдардың да үнсіз келуі, айтуға ұялуы, бұл мәселені тіпті қылмыс ретінде қабылдамауы харассменттің ұзақ жылдар бойы қалыпты дүние ретінде қабылданып келгеніне себеп болды.

«Қоғамның дамуы мен азаматтардың өз құқықтарын біле бастауымен бұл мәселенің көтерілгені біздің қоғамда үлкен өзгерістер басталғанын көрсетеді. Бұған дейін қанша жылдар бойы болған. Ол кез келген ұжымда болып жатқан дүниелер деп айтуға толық негіз бар. Енді ашық айтыла бастауы жақсы бастама деп ойлаймын», дейді Бибігүл Жексенбай.

Сенатор басы дауға қалған Асқар Садықовты жақын танымайтынын айтты.

«Қызмет барысында да, өмірде де жақын таныс емеспін. Әріптес ретінде сырттан білеміз. Қандай адам екеніне мен баға бере алмаймын», — деді ол.

Фото интернеттен алынды.