Зорланған мүгедек жігітке қатысты тың ақпарат шықты

Ақтауда I топтағы мүгедек жігіт теңіз жағасында зорланған. Жәбірленушінің анасы мән-жайды айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Қылмыс болғалы қырық күн өтсе де, ешкім ұсталмаған. Сондықтан полицейлердің жұмысына көңілі толмаған ана облыстық прокуратураға арыз жазған. Ал зәбір көрген жасөспірімнің жүйкесі сыр беріп, ашуланшақ болып кеткен көрінеді.
«Кінәлі адамды тауып берсе, қарапайым халықтан көмек сұраймын. Өтініп сұраймын. Маған психиатр сарапшы керек, баламның өзінен анық болған затты естісе. Ол кісі баламды зорлаған, «айқайлай бердім, көмек сұрағым келді, мамама айтып берем дедім» дейді. «Әйелім жоқ, бала-шағам жоқ, енді сізді зорлаудан басқа амалым жоқ» деді» дейді. «Бір адам болды» дейді. Жас шамасын айта алмайды. Сақалы бар, костюм-шалбар киген, ақ джип көлікте деген», — деді жәбірленушінің анасы Оразгүл Қонысова.
Оқиға былтыр 27 желтоқсанда болған. Аялдама досын күтіп тұрған мүгедек баланы белгісіз біреу көлікке отырғызып алып кеткен. Кейін қаладан шалғай жердегі теңіз жағасына апарып, көлік ішінде арам пиғылын жүзеге асырыпты. Тіпті зорланған баланы сонда қалдырып кеткен. Ес-түсін жоғалтып алған жігіт жолдан такси ұстап, үйіне әрең жеткен.
Телеарна мәліметінше, сол күні полиция бөлімшесіне ұлын ертіп барған ананың арызы қабылданбапты. Екі күн өткен соң проктолог дәрігерлер «сараптама жасауға кеш қалдыңыздар» деп шығарып салған. Содан бері 40 күн өтсе де, күдікті әлі белгісіз.
Облыстық полиция департаменті өкілі қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Тіпті бақылау камераларын қарап, сараптама тағайындадық» дейді.
«ҚР ҚК 121-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптамалар тағайындалды, бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынып, зерттеліп жатыр», — деді Маңғыстау облысы ПД баспасөз хатшысы.
Еске салайық, бұған дейін жантүршігер жайт туралы адвокат мәлімдеді.