Әлем лидерлері Қазақстан Президентін Наурыз мерекесімен құттықтады

Әлем лидерлері Қазақстан Президентін Наурыз мерекесімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мерекесіне байланысты шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары түсіп жатыр, деп хабарлайды democrat.kz.

Ресей Президенті Владимир Путин құттықтауында Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастардың тұрақты әрі табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Ол екі елдің Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыратынына сенім білдірді.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Наурыз мейрамының көктемнің келуі мен табиғаттың жаңаруын білдіретінін атап өтіп, бұл мерекенің Қазақстан халқының бірлікке, өркендеуге және игілікке ұмтылысымен үндес екенін жеткізген. Ол Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтып, жан-жақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге дайын екенін білдірді.

АҚШ Президенті Дональд Трамп өз жеделхатында Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқын жаңару мен ынтымақ мерекесімен құттықтап, екі ел арасындағы ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өзара тиімді ықпалдастықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ АҚШ-тың Қазақстанның егемендігіне, тәуелсіздігіне және аумақтық тұтастығына қолдауын жалғастыратынын мәлімдеді.

Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Наурыздың бейбітшілік, келісім мен бауырмалдықты дәріптейтін терең тарихи маңызы бар мейрам екенін атап өтіп, Қазақстан мен Түркия арасындағы достық байланыстардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Иран және Палестина президенттері, Татарстан Раисы, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен өзге де ресми тұлғалар құттықтады.

Ақорда мәліметінше, құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.

Все новости