Үкімет басшысы Олжас Бектенов Астана қаласына арнайы жұмыс сапарымен барып, Президенттің өнеркәсіп пен логистиканы дамытуға қатысты тапсырмаларының орындалу барысын қадағалады, деп хабарлайды Democrat.kz.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, қала экономикасы жоғары қарқынмен дамып, өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім 18,9 трлн теңгеге жеткен. Астана негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада көш бастап тұр, мәселен биылғы 4 айда 587 млрд теңге тартылса, оның 80 пайызы жеке қаражат есебінен түскен. Қазіргі күні шаһарда 246 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп, 560 мың адамды жұмыспен қамтып отыр, ал бұл сектордың қала экономикасындағы үлесі 66 пайыздық рекордтық деңгейге жетті. Әкім қазірдің өзінде құны 32 млрд теңге болатын 8 жоба пайдалануға беріліп, 500-ге жуық жұмыс орны ашылғанын, жыл соңына дейін құны 36 млрд теңге болатын тағы 18 жоба іске қосылып, 1 мыңға жуық жұмыс орны құрылатынын, сондай-ақ 2026 жылы 26 өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын жеткізді.

Премьер-министр сапар барысында «Technodom» компаниясының заманауи логистикалық орталығына барып, көлік және қойма инфрақұрылымының жұмысымен танысты. Ауданы 22 мың шаршы метрді құрайтын және тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін бұл кешен 11 мың паллеттік орынға есептелген әрі құрамында 3,5 мың шаршы метрлік температуралық режимі бар үй-жайлар қарастырылған. Қазіргі таңда 100 пайыз жүктемемен жұмыс істеп тұрған және 200-ден астам адамды жұмыспен қамтыған бұл орталықтың қызметін Wildberries, Ascona, Gold Service Logistic сияқты ірі компаниялар пайдаланады. Сонымен қатар үкімет басшысына 300 млн жеке инвестиция тартылған 223,1 гектарлық логистикалық парк жобасы таныстырылды, оған YXE Trading Service Group, S Sistem Lojistik Hizmetler, Қазпошта және Rhino Logistic компаниялары қатысуға ниетті. Бұған қоса құны 47,7 млрд теңгені құрайтын Wildberries Kazakhstan компаниясының ірі логистикалық хабының құрылысы пысықталды, жалпы аумағы 160 мың шаршы метр болатын бұл нысан 2027 жылдың 1-тоқсанында іске қосылып, 6 мың адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. Олжас Бектенов логистикалық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырудың басты шарты екенін ескертіп, Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында процестерді автоматтандыруға ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты.

Келесі кезекте министрлер кабинетінің жетекшісі Қазақмыс корпорациясының қолдауымен салынған «Heart Center Foundation» медициналық пластикалық бұйымдар зауытында болды. Жалпы құны 5,1 млрд теңгеге бағаланған бұл жоба биылғы жылдың мамыр айында іске қосылған, тамызда барлық желі бойынша өнім шығару басталып, қыркүйекте толық қуатына шықпақ. Кәсіпорынның басты мақтанышы қазақстандық ғалымдар әзірлеген және донорлық ағзалардың сақталу мерзімін бірнеше сағаттан 1 тәулікке дейін ұзартатын ALEM жабдығы. Өндіріске Атырау қаласындағы KPI зауытының пластикалық түйіршіктері пайдаланылады, бұл локализация деңгейін арттырады. Зауыт қуаты 15-20 ALEM жабдығын, биоматериалды іріктеуге арналған 6 млн контейнер мен 45 мың дренаждық құрылғы шығаруға жетеді.

«Медицинаға арналған көптеген керек-жарақтарды, әсіресе кардиология мен кардиохирургияға қатысты заттарды, біз шетелден сатып аламыз. COVID-тен кейін біз көптеген құралдарға тәуелді болып қалдық, сондықтан өндірісті өзімізде бастауға, әуелі кардиология мен кардиохирургиядан бастауға, соның ішінде, донорлық органдарды сақтауға арналған аппарат жасау туралы өзіміздің идеямызды енгізуге шешім қабылдадық. Бүгінгі таңда біз осындай аппараттың прототипін әзірлеп қойдық, енді елімізде оның өндірісін бастауға шешім қабылдадық. Осы жылдың соңына қарай зауытта алғашқы үлгіні шығаруды жоспарлап отырмыз», – деді UMC қорының басқарма төрағасы Юрий Пя.
Осы орайда Олжас Бектенов қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындағанын алға тартып, отандық медицина өнеркәсібін ғылыми негізде дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Үкімет басшысының назарынан азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де тыс қалмады. Ол «RnR Group» компаниясының жалпы құны 8,8 млрд теңге болатын нан-тоқаш және сүт өнімдерін шығаратын зауыттарын аралады, бұл кәсіпорындар тәулігіне 25 тонна ұн және 100 тонна сүт өнімдерін өндіруге қабілетті. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов 2025-2026 жылдары елордада 12 мың тонналық 2 көкөніс қоймасы мен 53 мың тонна өнім өңдейтін 3 зауыт іске қосылғанын, сондай-ақ 18 мың тонна көкөніс жеткізуге келісімшарт жасалғанын айтты. Сонымен қатар алдағы 2 жылда агроөнеркәсіп саласында 180 млрд теңгенің 7 инвестициялық жобасы іске асырылып, 1,6 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны белгілі болды. Бұған қоса кәсіпорын директоры Нұрлан Айтбаевтың сөзіне қарағанда, 2026 жылдың 2-тоқсанында іске қосылатын «Астана ЕТКОМ» ет өңдеу зауыты тәулігіне 50 тонна, ал жылына 18 мың тоннадан астам дайын өнім шығаратын болады. Шикізатты Айтас, KazBeef және өңірлердегі шаруа қожалықтарынан алу жоспарланған кәсіпорын бастапқыда 100, кейін толық қуатына жеткенде 300 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек, қазірдің өзінде кадр даярлау үшін студенттерді оқыту басталған.

Терең өңдеу агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыты екенін еске салған премьер-министр, Қазақстанның аусылдан таза ел мәртебесін алуы мал шаруашылығы мен экспортқа жаңа жол ашатынын айтты. Ол тұрақты шикізат базасы отандық тауарларды ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілетуге қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді.

«Президент елордаға ерекше міндеттер жүктеп отыр: Астана әрдайым ауқымды бастамалардың алдыңғы шебінде болып, барлық өңірлерге үлгі болуы тиіс. Елорда инфрақұрылым, өнеркәсіп, логистика, цифрлық шешімдер және әлеуметтік сала бағыттарында дамудың жоғары қарқынын қалыптастыруы қажет. Әрбір жоба қаланың экономикасын нығайтып, жұмыс орындарын ашып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы маңызды. Сондықтан әкімдік пен салалық министрліктердің міндеті – жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ету, кәсіпорындарды уақтылы іске қосу және өндірістердің тұрақты жүктелуіне жағдай жасау», – деді Олжас Бектенов.