Бас мүфти «Нұр-Мүбарактың» проректорын неге жұмыстан кетірді?

0
225

Бас мүфти Наурызбай Өтпенов неге PhD докторы Қайрат Құрманбаевты «Нұр-Мүбарактан» кетірді?

«Нұр-Мүбарак» діни университетіндегі дау-дамайдан кейін дереккөздерімнен келіп жатқан ақпарат ағыны толастар емес.
Нұр-Мүбарактағы» құпия дереккөзімнің мәліметінше, Өтпенов пен Құрманбаевтың текетіресінің тағы бір себебі университет аумағындағы 9 қабатты оқу корпусының құрылысына ақша жинайтын «Білім-Қазына» қорымен байланысты.

Қор басшысы Сейдмұхаммед Абдунамидің (суретте) офисі университетте орналасқан. «Еліміздегі жалғыз жоғары ислами оқу орынын кеңейтуге ақшалай үлес қосыңдар» деп сарнап жүрген жарнамашылар видео үндеуінде үнемі «Білім-Қазынаның» реквизитін жазып қояды.

Осы және басқа да мақсатта қаржы жинау үшін «Білім-Қазына» қоры Каспи банктің «Төлемдер» бөлімен парақша ашып алған. Қысқартып айтсақ, бұл қорға орасан зор көлемде ақша жиналып жатыр. «Бұл қордағы ақша айналымы ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорындағы ақшадан жүздеген есе көп» дейді дереккөз.

Дереккөздің айтуынша, С.Абдунами бір кездері қазақстандық нақышпанды сопыларының пірі Құрбанәлі тақсырға «қол берген». Өзбекстанда туып-өскен Наурызбай Өтпенов те Қазақстанда Бас мүфти лауазымын иеленген соң нақышпанды сопылық дәстүрінің негізінде «Ихсан» атты кітап жазғанын білеміз.

«Абдунами мен Өтпенов соңғы жылдары «тонның ішкі бауындай» байласып кетті» дейді дереккөз. Оның айтуынша, «Нұр-Мүбарактың» проректоры Қайрат Құрманбаев пен Сейдмұхаммед Абдунамидің арасы университет ғимараты құрылысын қаржыландыру мәселесі бойынша «ит пен мысықтай» бопты.

«Бір күні проректор Қ.Құрманбаев университеттегі «Білім-Қазына» қоры офисінің құлыпын ауыстырып тастады. Ескі кілтпен есігін аша алмаған С.Абдунами проректор Қ.Құрманбаевқа дүрсе тап беріп, төбелесіп қала жаздады.

Екеуінің айқайласып-жұлқыласқанын университеттің студенттері тамашалап тұрды, бірақ шәкірттердің бәрі Құрманбаевты қолдады» деді дереккөз.

Дереккөзімнің ойынша, С.Абдунамидің еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету үшін Құрманбаевты проректорлықтан кетіріп, оның орынына Наурызбай Өтпеновтың айтқанынан шықпайтын «солдаты» Ершат Оңғаровты алып келген.

«Енді «Білім-Қазына» қорындағы ақшаның қанша бөлігін университет ғимаратының құрылысына жұмсауды Өтпенов-Оңғаров-Абдунами» үштігі біледі, олар ешкімге есеп бермейтін болады» дейді дереккөз.

Дереккөзімнің мәліметі шын сияқты. Себебі экс-проректор Құрманбаев құрылысы 2015 жылы басталып бітпей жатқан «сақалды оқу корпусының» құрылысы жөнінде өзіні атышулы постында «Қарқынды жүріп жатқан құрылысты қарадай қызғанып, өзінің емес, “басқа біреудің қолымен бітетін болды” деп жаны шығып, ақыры дегеніне жетті. Енді міне “дайын асқа тік қасық” боп өздері келмекші» деп жазып еді.

Дегенмен, бүгін билік тарапынан қатты қысымға ұшыраған Қайрат Құрманбаев сол жазбасын өшіріп тастады (өкінетіндей емес, мен ол жазбаны түгел көшіріп алғам)…

Эх, «айтылған сөз — атылған оқ» болмай қалған қу дүние-ай.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист. 

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.