Адам сату саудасы азаймай тұр

0
83

Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Үшінші басқармасы бастығының орынбасары Шынар Көшербаева Қазақстанда адам ағзаларын сатуға қатысты 15 қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Көшербаеваның айтуынша, жыл сайын республикада адам саудасына қатысты 150-ге дейін қылмыстық іс қозғалады. Ал биыл жыл басынан бері 134 қылмыстық іс тіркелген.

«Оның ішінде органдарды сату бойынша 15 қылмыстық іс, қанау мақсатында адам ұрлау бойынша екі іс, қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша үш іс, адам саудасы бойынша 15 іс тіркелді. Ал кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту бойынша 12 іс, кәмелетке толмағандарды сатуға қатысты үш іс, жезөкшелікпен айналысуға тарту фактісі жетеу, жезөкшелікпен айналысу және сутенерлік бойынша 77 іс анықталды», – деді Көшербаева.

Ол соңғы жылдары құқық қорғау органдары Қазақстан азаматтарын шетелге шығарудың бірнеше арнасын тоқтатқанын айтты. Сондай соңғы фактілердің бірі қазақстандықтардың Бахрейнге депортациялануы болды.

Сондай-ақ адам саудасымен байланысты қылмыстарға ықпал ететін әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Мәселен, жезөкшелік пен сутенерлікке үй-жайлар бергені үшін 649 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Оларға жалпы сомасы 155 миллион теңге айыппұл салынды.

Айта кетейік, Қазақстанда адам саудасымен айналысқандар 4 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ағзаларды сату ісіне қатысты да бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық, 6 шілдеде мемлекет басшысы «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заңға қол қойып, ол 5 қыркүйекте күшіне енген еді. Қылмыстық кодексте «адам саудасымен байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғым пайда болды. Олардың ішіне: адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы және жезөкшелікке тарту кірді. Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы заң осы қылмыстың құрбаны болған қазақстандықтарды қорғау мен әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етеді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.