Депутат әскердегі өлімге қатысты министрге ресми сауал жолдады

0
117

Соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Бұлай деп мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жолдаған депутаттық сауалында мәлім етті.

ӘЛІМЖЕТТІК

Депутаттың мәліметінше, 2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған.

2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.

«Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасауда» дейді депутат.

БЕЙНЕЖАЗБА ҚАЙДА

Наратай Аралбайұлы былтыр Қорғаныс министрлігі айтқан әскери бөлімдердегі 50 мыңнан астам бейнекамераның жазбалары қайда екенін сұрады.

Әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен, олардың жалақысы 2008 жылы ғана көтерілгенін еске салған депутат министрге төмендегідей екі ұсыныс жолады.

  1. Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдау.
  2. Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалады қолға алып, олардың іске асуын жеделдету