Қазіргі қазақ қоғамына би керек пе?

0
185

«Қазақ Билер Алқасы» деген бір белгісіз ұйым пайда болыпты. Басында қазақ билері туралы жазатын тарихи парақша ма деп қалдым, Төле, Қазыбек пен Әйтеке секілді билер туралы ақпарат шығар десем, бұл өздерін өздері би сайлап алған «өңкей қиқым» екен.

Содан бұл не қылған ұйым десем, түртіп алар түгі жоқ, заңға томпақ әрекетке бейім адамдар тобы болып шықты.

Рас, билер деген қазақ тарихында өте маңызды рөл ойнаған. Олар қоғамның құқықтық ережелерін қалыптастырып, даулы мәселелердің шешіп отырған.

Басқаша айтсақ, екі кісінің арасындағы, тайпалардың, рулардың өзара жанжалын шешкен. Иә, сол кезде олардың жұмысы қажет әрі өзекті болды.

Бірақ, қазір қазақ халқы конституциялық республикада өмір сүріп жатыр ғой: заңы мен құқықтық нормалары бар. Мұндай зайырлы қоғамда бидің не қажеті бар, шариғаттың не қажеті бар?!.

Қазақстан заң шығарушы органдары бар, соты мен прокуратурасы бар зайырлы мемлекет. Үй ішінен үй тігіп, өздерін би сайлап алғандардың аңсағаны не?!. Халық арасында араздық пен алауыздықты қоздыру емес пе?

Әйтпесе, заң мен сот бар жерде, би сайлап, елдегі мәселені шешемін деп, жауапкершілік алатындай не көрінді бұларға?

Ертең бұдан да сорақысы болып, халық арасынан біреу шығып, «маған соттың сөзі түк емес, билердің шығарған шешімі бар» десе, «мен ҚР заңымен емес, шариғатпен жүремін» десе, мұның арты не болады?! Онда заң мен тәртіп қайда қалады?!.

Қалай болғанда да аталмыш ұйымның қызметіне тексеру жүргізу керек деп ойлаймын. Әйтпесе, не заңды білімі, не көрген-түйгені жоқ адамдардан қазақ қоғамына пайда жоқ, қайта олар зиянкестік жасайды?

Біз нақты құрылымдалған сот жүйесі бар, әрбір азаматы Конституция мен халықаралық стандарттарға сәйкес құқықтық қорғау құқығына ие елде өмір сүріп жатырмыз.

Ал билер келіп, сол қалыптасқан норманы бұзбақшы ма?! Олай болмаса, олардың көздегені не, мақсаты не? Неге өздерін өздері би сайлап алған? Баяғыда билерді қара халық сайламаушы ма еді?! Кім оларға мұндай өкілеттік берген?!.

Біз тарихи жадымыздың маңызды екенін түсінеміз, бірақ болашағымыз жарқын болу үшін кеше бен бүгінді шатастырып алмауымыз керек.

Заман қарыштап дамып жатқанда, артқа қарайлай берсек, болашағымыз да бұлыңғыр болмақ. Өткенге қарайлап, билерге сенім артқанша, сот жүйесі мен заң шығарушы органдарға деген сенімді күшейткеніміз әлдеқайда дұрыс болар еді.

Псевдо биліктің мұндай жанама тетіктерін құру арқылы қоғамға іріткі салуды көздейтін ұйымдардың басшыларын, мүшелерін, олардың қызметін толық бақылауға алып, тексеріп, әрекетінде экстремистік һәм сепаратистік белгісі анықталса, заңға сейкес жазалануы тиіс.

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.