Әр рудан бір би сайлау — ел ішіне іріткі салмай ма?

0
263

«Баяғыда үш биді ғана білуші едік (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би), оған енді Сотыби қосылды» демекші, кеше біразымыз естімей қалған біртүрлі жиын өтіпті ғой.

Алматыда қазақтың бас биі болып Ермек Албан деген кісі сайланыпты. Кім, қалай сайлағаны жөнінде нақты ақпарат көрмедім бірақ. Әйтеуір би көбейіп тұр.

Жалпы ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқанда, «әлдебір билер алқасы құрылтай өткізіпті» деген сөздің өзі құлаққа түрпідей тие ме, қалай…

Қай жылы еді, Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Машат ауылында өткен жиында тоғыз облыстан келген билер бірауыздан Төбе би ретінде Омар Жәлелді сайлап, кейін ол бұл «қызметінен» түсіп қалғаны да есте.

Ол кісінің әлеуметтік желіні шулатып, қыз-келіншектерге арнап курс өткізгенін, кілең қыз-қырқынның ортасында шайқап билеп жүргенін көріп те, таң қалғанбыз. «Би болған соң… билейді де» деп жақтағандар да кездесті.

Сол оқиғадан соң билер алқасы деген топ «биін біржола тоқтатып», саяси «сахнадан» жоқ боп кетудің орнына қайта жасақталып, құрылтай өткізіп жіберіпті-ау.«Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деген Абай сөзі әлі қазір де шындық.

Өйткені ру-руға бөлініп алып, би сайлау – халық арасында алауыздық тудырып, елі ішіне іріткі салып жүрмесін. Әйтпесе қазіргі қоғамда халық сайлаған әкімдер және үкім шығаратын судья бар.

Бұл – заңды мемлекеттік құрылымдар. Ата заңның негізінде жұмыс істейді. Ал билер неге сүйеніп үкім шығармақ? Кімді жазалауды көздеп жүр? Олардың «үкімін» кім орындайды?

Ақылқа салып қарасақ, «Конституциялық жүйесі қалыптасқан елде, көне ру-тайпалық басқарудың қандай қажеті бар?» деген сұрақ туындайды.

Техника дамыған заманда өркениеттен ада кейбір африкалық тайпалардың арасында әлі де әлдебір шаман-көсемдердің үстемдік құрып, би болып отырғанына таңқалушы едік. Сөйтсек, біздегі кейбір топтардың деңгейі олардан аса асып кете қоймаған ба…

Руға бөлініп, бас-басына би сайлағандар осы «дәрежесін» әжептәуір даңқ көріп, ертең қызметке таласудан да тайынбас. Сондықтан билер алқасы сияқты аты да, заты да күмәнді ұйымдардың жұмысына заңмен тосқауыл қойған жөн.

«Би болдым» деп, өздеріне өзі атақ тағайындап, күмәнді жиын өткізіп жүргендердің ісі заңсыз. Ал конституцияны бұзғандар сол заңсыз әрекеті үшін жауап беруі керек.

Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.