Министр мұғалімдерді роботқа айналдырмақ па?

0
1461

Редакциямызға бірінен кейін бірі хабарласқан мұғалімдер бүгін министрлік тарапынан тағы бір «сюрпризге» тап болғанын айтуда деп жазады Democrat.kz.

Жетісу облысынан хабарласқан мұғалім Айнабек Әлібек бүгінгі сабақта өтуге тиіс тақырыптарды шетке ысырып тастап, оқушыларға әлдебір профессордың жобасына негізделген БИС деген тест тапсыртуға тапсырма түскенін айтады.

Дәл осындай ақпаратты еліміздің бірнеше өңірінен хабарласқан ұстаздар да растады.

«Вассерман Ф.Я. деген профессор бар екен. БИС — сол профессордың жобасы екен. Облыстан тапсырма келді. Екі күн ішінде бүкіл мектеп оқушыларынан «срез» аламыз. Мұғалімдер тапсырманы тексеріп, талдау жасап тапсыруы керек.

Бұл басы ғана. Бұл жоба қашанға дейін жалғасатыны қазірше белгісіз. Жалғасатыны анық. «Срез» алатын күнгі оқу бағдарламасын қашан орындайтынымыз да белгісіз.
Бала бұл тесті тапсыратын күні сабақ оқымайды. Бағдарлама орындалмайды. Бұл жоба заңды ма, заңсыз ба ? Соны анықтау керек», — дейді белсенді ұстаз Айман Сағидулла.
Оқушылардың білім сапасын бірінші орынға қоятынын әр сөзінде айтатын министр Ғани Бейсембаевтың бүгінгі бұйрығын қалай түсінбек керек?
Бүгін өтілуге тиіс сабақтың тақырыбын балалар қашан оқиды? Не деген бітпейтін жобалар бұл?
Бұл тест баланың алатын біліміне қосымша білім қосатын шығар деп ойласаңыз, оңбай қателесесіз! Өйткені қолымызға келіп түскен тест сұрақтарының сиқы шамамен мынадай:
«Елбасы Айсұлуға қандай ризашылық білдірді?», «Ислам ака не істеді?»… Не сұрақ мынау? Сүйегі қурап кеткен Ислам аканың не істегенінен қазақтың баласына келіп-кетер бір нәрсе бар ма?
Профессор Вассерманның тесті болмаса, бұл қазақтың балалары қараң қалар ма еді?
Онсыз да, балаға сабақ өтіп, күн сайын жаңа біліммен сауатын арттыруға тиіс мұғалімдер біресе «Мақсатты мектеп» деп, енді Вассерман жобасы деп шапқылап жүр.
Бұл не? Оқу ағарту министрлігінің мақсаты не? Осыны түсіну өте қиын болып тұр.
Біздің бұл сұрағымызға елдегі жағдайларға сырттай қарапайым сараптамасын жасап, бағасын беріп отыратын Әуелхан Шонжан ағамыз: «Бұл — меніңше, министрдің әлдебір мақсаты емес. Бұл — министр Ғани Бейсембаевқа ор қазып жүргендердің сұрқия жоспары сияқты.
Онсыз да «Мақсатты мектеп» жобасына наразы мұғалімдерді енді мынадай қосымша жұмыспен басын қатырса, министрдің онсыз да шайқалып тұрған креслосы тоңқалаң асып құлауы әбден мүмкін.
Осыны біліп, министрдің айналасындағы біреулер оған «осылай етсеңіз, абыройыңыз асқақтай түседі» деп алдап, көпшік қойып, әдейі жасап отырған секілді. Басқа не? Әлде Ғани Бейсембаев мұғалімдерді роботқа айналдырмақ па?»- деп күлді.
Қалай десек те, бірінен кейін бірі шыға беретін  «матрешкаға» ұқсайтын жобалар қазіргі министр Ғани Бейсембаевты креслосымен қоштастырып тынса, таңғалмауға дайын болайық.
Дайындаған — Меруерт ХУСАИНОВА.
Фото интернеттен алынды.