«Балаларымды әйелімнен құтқарыңдар» дейді шарасыз еркек

0
2388

24 қазаннан бері үйден безіп, төрт баласымен қайыршылықты кәсіп етіп, Алматыдағы көпқабатты үйлердің ауласында түнеп жүрген Раушанның балалары мектеп-интернатқа қайта жайғасты.

Күйеуі әйелім он жылдан бері көше кезіп, бала-шағаны жетектеп басы ауған жаққа кетеді деп шағымданды.

-Үздіксіз қоңырау шаламын, балалар жауап береді. Оларға қай жерде екенін түсіндіру қиын. Бәрі кішкентай. Алматыдан Шымкентке барып, қайта қаладағы үйге әкелдім. Үш айдан кейін тағы қашты. Наурызда интернаттағы балаларды алып, зым -зия болды. Алматы облысында бір еркектің үйінде екен. Мектеп-интернат қызметкерлерімен жабылып іздедік. Үш күннен кейін айран , сүтке ақша жібер деп хабарласқанда мекен-жайын анықтадық. Білмеймін , не істеймін? Үйге қамап қойсам, мен тағы қылмыскер атанамын. Күні бойы құрылыстамын. 2013 жылдан бері сол компанияда жұмыс істеймін. Араққұмар болсам жұмыссыз қалар едім. Үйімді қоқысқа толтырып тастады. Бір затқа тиісуге қорқамын. Балаларымды әйелімнен құтқарыңдаршы,- деп басы салбырап , қолынан түк келмейтін ,дәрменсіз күйге түскен әке шерін тарқатты.

49 жастағы апталдай азамат шарасыз. Әйелі Раушан балаларды жетектеп, мешіт маңында қайыр тілеуді кәсіп етуге дағдыланған дейді.

Мектеп интернаттың директоры да бес мезгіл тамақ ішіп, күндіз сабақ оқып жүрген ұлы мен қызын да осы кәсіптен молырақ ақша табу үшін бізді алдап , интернаттан алып кетті деп шағымданды.

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар форумы өтіпті. Әттең , сол жиынға қатысқанда Бишімбаевтың сотында көпшіліктің есінде қалған прокурор Айжан Аймағанованы қолдаушы едім. Ол жиында аналар ұйымының отбасы институтын сақтау мен нығайтуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын -алуға арналған бастамаларының маңыздылығын айтамын деп дауға қала жаздапты. Прокурор қазіргі таңда жастар арасында құқық бұзушылықтың көбейіп кеткенін , зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақылық фактілері, балаларға қатысты қылмыстардың артуына алаңдайтынын айтады.

Президент те «Заң мен тәртіп» жайлы жиі айтады. Заң мен Тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс деп, назарда ұстап отырады.

Әділетті қоғам құрудағы басты негіз – заң мен тәртіпке бағынатын қоғам қалыптастыру екенін қоғам ретінде түсіне білуіміз керек деп санаймын.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамыз бекер айтпаған.

Балаларымыздың тәртіпті, заңға бағынатын адал азамат болып өсуі бірінші кезекте отбасынан басталатынын ұмытпауымыз керек. Балаларымыз да үрейсіз өмір сүрсін десеңіз, заң мен тәртіпке бағынатын қауіпсіз қоғам құру азаматтық парызымыз.

Тоқаев та азаматтардың қауіпсіздігін, яғни жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық екенінін сөзінде үнемі айтып отырады.

Соңғы уақыттардағы қабылданған заңдар мен енгізілген ережелер, қылмыстар санының азаюы сияқты оң өзгерістер осы Заң мен тәртіп қағидатын ұстануымыздың алғашқы нәтижесі десек те, артық айтқандық болмас.

Аймағанованың осындай сөзі кейбіреулерге жақпай қалған сыңайлы. Прокурор ханымның айтқандарымен өз басым толықтай келісемін.

Ол сөзінің соңында Аналар кеңесі аясында «Тәртіпті өзіңнен баста!» қоғамдық акциясын бастауға, сол арқылы жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндеу, құқық бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктің алдын алу, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін насихаттауға шақырды. Ізгі бастама дер едім.

Расымен де заң мен тәртіпті басты құндылық ретінде ұстансақ, мемлекетімізде әділеттілік пен тұрақтылық үстемдік етері сөзсіз.

Сондықтан көпбалалы ананың мәселесін заң аясында шешуге кірістік. Заң баршаға ортақ және оны құрметтеу бәріміздің парызымыз.

Балаларын қалқан қылып, олардың білім алу, жылы жерде тамақ ішіп, таза төсекте ұйықтауына кедергі жасап, көше кезген аналар көбейді. Өкінішті.

Жазира БЕГАЛЫ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.