«Шоу сабақтар» баланы білімсіз қалдырмасын

0
402

Кейде біздің «үздік» деп бағаланып жүрген кей сабақтарымыз «шоуға» айналып бара жатқан жоқ па осы?

Балалардың білімге деген ынтасын арттырамыз деп, кейде оларға қажетті-қажетсіз ақпараттар беріп, шамадан тыс тапсырмалармен бөлісіп жүрген жоқпыз ба деген сұрақтар мазалайды кейде мені.

Кейбір әріптестерімнің :»Бұрынғы ұстаздарымыз тақта мен борды ғана пайдаланып, біздің білімге деген құштарлығымызды оята білген, сөйтіп,сыныптағы балалармен жарыса оқушы едік. Қазір алдымыздағы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырғымыз келіп, нешеме әдіс-тәсілдерді қолданып жатсақ та,кейде нәтиже бола бермейтіні өкінішті «дегенді жиі айтады.

Әрине, ойланатын жағдай екен.

Дегенмен , бұның әр түрлі себептері болуы мүмкін ғой. Әсіресе, мына ұялы телефонға тәуелді болған заманда баланы өз пәніңе бұрып,қызықтыру да оңай емес.

Бұған оқулықтың сапасыздығы мен шектен тыс ақпараттардың көптігі және тапсырмалардың бала деңгейіне сәйкес келе бермейтіндігін т.б. айтуға болады…

Егер ұстаз білімді әрі шебер болса, осындай тығырықтан шығатын жолды өзі іздеп таба алады, сыныптың деңгейін бақылай отырып, әр баланың шамасына қарай тапсырмалар дайындап, ең тиімді деген әдістерді елеп-екшеп,саралап бере алады,сөйтіп баланың ары қарай өз бетінше дамуына мүмкіндік жасайды.

Дегенмен, барлық мұғалімнің деңгейі бірдей емес қой! Өз сабағын қызықтырамын деп, тиімді-тиімсіз әдістерді орынды-орынсыз қолданып, сабақты «қызылды-жасылды» етіп жүргізіп, шоу сабаққа айналдырып жіберетін мұғалімдер де аз емес. Ал «жылтырақ» сабақ ылғи да нәтижелі бола бере ме ?!

…Өткен жолы бір зиялы отбасының үйінде қонақта болдық. Бізбен бірге дастархан басында талай жыл мектепте басшылық қызмет атқарған бір әріптес те отырды.

Ол сөз арасында өзі бір әріптесінің сабағынан шыққанын, ол сабақ өзіне ұнағанын, өз сабағында бірнеше заманауи әдістерді қатар қолданғанын айтып отырды.

Тіпті телефонына түсіріп алғандарын да көрсете бастады.Мұғалім емеспін бе, мені де сабақтың өту барысы қызықтыра бастады.

Сондағы ұққаным- сабақ бастан -аяқ ашық сабақтан гөрі сыныптан тыс сабаққа көбірек ұқсап кеткені, сыныптың безендірілуі мен оқушылардың алдын ала дайындығы, мұғалімнің бір сабақта бірнеше әдіс-тәсілдерді орынды-орынсыз қолдана беруі ,шынында да кәдімгі сабақтан гөрі «шоу сабаққа» айналып кеткен сияқты көрінді маған.

Сырты жылтыраған, бірақ берері аз кей сабақтарды басқаларға «үлгі»ретінде көрсететін осындай әріптес-басшылардың пайым-түсінігі осы болса, кейінгі жастарға не айтуға болады!?

Жаңа сабақты балаға толық меңгерту үшін, әрине,мұғалім тиімді деген әдіс-тәсілдерді қолдана бастайды. Бір сабақта бірнеше әдісті қатар қолдану -оның шеберлігін немесе артықшылығын көрсетеді деген сөз емес.

Әр өткізілген сабақ сырттай қарапайым болып, бірақ балаға берері мол болуы тиіс. Сондықтан, сабақты дұрыс талдап, бағыт-бағдар беріп отыру-әр басшының біліктілігі мен көрегенділігіне тікелей байланысты деп ойлаймын…

Мен аудандық, облыстық семинарларға жиі қатысып жүремін.Байқағаным, әріптестерімнің көбіне»шоу сабақтарды» үлгі ретінде көрсетіп жататыны.

Ашық сабақта, әрине,мұғалімнің бар мүмкіндігі көрінеді, ол соған сай әрекет етеді де. Ал сабағын түрлендіріп өту үшін ең тиімді деген екі немесе үш қана әдісті алып,соған сәйкес тапсырмаларды дұрыс таңдай алса жеткілікті..

Жақсы деп бағаланған әрбір сабақ «шоу-сабаққа» айналып кетпеуі керек!…

Сәуле МАЙКЕНОВА, білікті ұстаз.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.