Мектеп асханасы жалған құжатпен жұмыс істеген
Маңғыстау облысындағы оқушылар жаппай уланған мектептің асхана қызметкерлері жалған құжатпен жұмыс істегені анықталды.
Бесшоқы ауылындағы төрт аспаз медициналық тексеруден өтпестен, «дені сау» деген анықтаманы 5 мың теңгеге сатып алған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Медициналық құжатта флюрография, дерматологиялық тексеру және бактериологиялық зерттеуден өткені, сондай-ақ жұмыс істеуге рұқсат берілгені жазылған. Осы жалған медициналық кітапшаны мектеп әкімшілігіне ұсынып, өздері асханада жұмыс істеген. Сондықтан төртеуі де қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен қомақты айыппұл арқалады.
«Төрт азаматқа қатысты үкім желтоқсан айында жарияланды. Бір азаматқа 40 айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл жазасы, қалған үшеуіне 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Қазір сот үкімі заңды күшіне енді. Медициналық құжаттарының жалған екені анықталды», — деді Мұнайлы ауданы сот әкімшілігінің басшысы Ерсін Қазиев.
Еске салайық, былтыр Бесшоқы ауылында оқушылар жаппай астан уланып, жүзге жуығы ауруханаға жатқызылған. Осыдан кейін еліміздің барлық білім беру ұйымдарындағы асханалар жаппай тексерістен өткізілді. Ал балалардың улану дерегі бойынша тексеріс жүргізген арнайы комиссия асханадағы азық-түлік пен ыдыс-аяқтан стафилококк бактерияларын тапқан еді.