Мағауин романының басты кейіпкері Ораз-Мұхаммед кім еді?

0
34

Ресей мен Қазақстан ғалымдары біріккен тарих жазса, онда Ораз-Мұхаммедтен тағы да қазақтың басты саяси тұлғасын сомдап шығара ма?

Ораз-Мұхаммед – Ондан сұлтанның ұлы, Тәуекел ханның немере інісі. Ол 1586 жылы Сібір хандығына қыдырып барады. 1588 жылы Ертіс бойында аңға қаршыға салып жүргенде оны орыс жасақтары тұтқындап алады да, Мәскеуге жөнелтеді.

Мәскеу патшасы жымиып жақсы қарсы алып, қызметке тартты. Орыс патшасы Ораз-Мұхаммедке монғол-түркілерден құралған жасақ беріп, шведтерге (1590 жылы), Қырым хандығына (1598 жылы) қарсы соғысқа салды.

1600 жылы орыс патшасы Борис Годунов Ораз-Мұхаммедті Ока өзенінің бойындағы Қасым (Касимово) хандығының ханы етіп тағайындады. Ол бір жылдай ғана хан болды, оны орыс патшасы тағы да Қырым шекарасын қорғауға жіберді.

Кейінірек ол Касимовадағы позициясын қайта қалпына келтіру үшін Екінші Лжедмитрийге қосылды. Ораз-Мұхаммедтің ұлы «Әкем сізді қолдамайды, өлтіруге барды сіздің қасыңызға» деген үшбухат жолдайды.

Содан ІІ Лжедмитрий өзан жағасында тұрған Ораз-Мұхаммедтің ту сыртынан қанжар қадап, жарқабақтан суға лақтырып жіберді…

Жалпы, Ораз-Мұхаммедтің тағдыры сотталғандардан әскер тартып, Украинаға қарсы соғысқан Евгений Пригожиннің өміріне ұқсас.

Ораз-Мұхаммедтің кешегі Қазақ хандығына, соның негізінде құрылған бүгінгі Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Жат елге, жат мүддеге қызмет етті, жат жерде өлді.

Сондай Ораз-Мұхаммедті Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романының бас кейіпкері қылып, «ақылды, алғыр, жаужүрек батыр, қазақтың сұлтаны» деп дәріптеді.

Ол кезде Қазақ хандығында анау айтқандай аласапыран емес-тін. Жаңадан құрылып жатқан Ресей патшалығында бірінен соң бірі саяси аренаға атып шыққан Лжедмитрийлер бүлік салып Мәскеу кінәзіне бағынбай азамат соғысын үтетіп жатқан. Мағауин романын «Аласапыран» деп атауының себебі осы болса керек…

Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып тұрған тұста Ораз-Мұхаммедке ескерткіш қою бастамасын көтерді. 2019 жылы Тасмағамбетовты Рязан облысының басшылары қолдап, Ораз-Мұхаммедке ескерткіш тақта қоюға рұқсат берді (суретте).

Ресей ғылым академиясының өркениеттерді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі Илья Зайцев Ораз-Мұхаммедтің қос ел тарихында қалдырған ерекше рөлін атап өтті.

«Ораз-Мұхаммед Ресейді азаматтық соғыс алауы шарпыған бұлғақ кезеңіндегі оқиғаларда маңызды рөл атқарды. Ол осы кезеңдегі белсенді мемлекет қайраткерлерінің бірі болды. Оның тарихи рөлі әлі де бағаланбаған болуы мүмкін» деді ол.

Ораз ӘЛІМБЕК, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан.