Оқулықтағы қате деректер қашан түзетіледі?

0
83
Еліміздегі мектеп оқулықтарындағы қателіктер туралы айтып тауысу мүмкін болмай барады. Кей оқулықтарда сорақы қателер де өріп жүр деп жазады Democrat.kz.
Өзінің әлеуметтік желі парақшасында тарихшы Серік Марксұлы мектеп оқулықтарындағы, оның ішінде тарих пәнінің оқулықтарында оқытылып жүрген қате деректер туралы:
«2024-жылы «Мектеп» баспасынан Қ.Өскембаев, З.Сақтағанов, Ғ.Мұхтарұлының авторлығымен шыққан 9-сыныптың Қазақстан тарихы оқулығының 94-бетінде былай жазылыпты:
«Қайрат Рысқұлбеков, Мырзағұл Әбдіқұлов, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамбетжанова, т.б қазақтың жігіттері мен қыздарының қаза табуы Желтоқсан оқиғасының қайғылы беттерінің бірі болды».
Мектепте жас мұғалімдер болады. Солардың барлығы Мырзағұл Әбдіқұловты біледі дей алмаймын. Ютубтағы сабақтардан тәжірибелі тарихшылардың да оқулықтағы қате деректерді «ғылыми айналымға» енгізіп жібергенін көріп жүрміз.
Сол жағынан алғанда, мұндай қатенің зияны көп.
14-бетте 1946-жылғы 14-тамыздағы партияның «Жұлдыз» және «Ленинград» журналдары туралы қаулысы айтылған. Сол кездегі аты «Әдебиет және искусство» болса да мұның да алдынғысын жас мамандар өзіміздің «Жұлдыз» журналымен шатыстыруы әбден мүмкін ғой.
Сондықтан да журнал қалай аталса, қазақша аудармай солай «Звезда» журналы деген дұрыс еді.
16-бетте мынадай қате жүр: «1952 жылы кітапханалар мен кітап дүкендерінен алынып, көзі жойылған туындылар тізіміне: «Батырлар жыры» (1940), «Айтыс», Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы», «Мариям Жагорқызы», Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллин туралы өлеңдер мен очерктер жинағы жатқызылды».
Бұдан түйгеніміз, Қасым Аманжоловтың бірнеше шығармасына шектеу қойылған. Соның ішінде «Мариям Жагорқызы» деген поэмасы да бар болып шығады.
Өз басым мұндай поэманың Қалижан Бекхожиннің қаламына тиесілі екенін білуші едім.
Бұл оқулық алғаш 2019-жылы жарық көрген екен. Жоғарыдағы қателік бірінші басылымында да болды-ау деп ойлаймын. Бірақ биылғы оқу жылына дейін «Атамұрадан» шыққан оқулықты пайдаланып келгендіктен, мұны анық білмеймін.
«Атамұранікімен» салыстырсам, сынға ілгіп отырған оқулық көш ілгері деуге болады. Соған қарамастан, мұнда да жаңсақтықтар бар екен.
Біз жеті жылдан бері тарих оқулықтарының қателерін жүйелі жазып келеміз. Дегенмен қателіктің тыйылар түрі көрінбейді.
Алдында теледидардың жүгіртпе жолынан 160-тан астам оқулықтың дайындалып жатқанын көзім шалып қалып еді. Енді солар қандай болады екен?» деп, Оқу ағарту министрлігіне арнайы сауал жолдады.
Фото көрнекілік үшін.