Жаназа мәдениеті: Мешітте ас беру дұрыс па?

0
452
Өмір бар жерде, өлім бар. Жер басып жүрген соң қазаға барасың, елдің қайғысына ортақтасасың. Өзіңнің де басыңнан өтеді. Енді осы жаназадағы олқылықтарды көргенде жаным жабырқайды.
Ол көптен байқап жүрген мынадай жағдайлар:
1. Халқымызда “жоқтау” деген салт бар. Қайғы жамылып отырған әулеттің ері бар, әйелі бар ішкі шерін ақтарып, барынша жоғалтып отырған жақыны үшін дауыс салып жылау.
Көңіл айтуға барған кезде “ой, бауырымдап” қатарда тұрған адамдарды көргенде өзіңде еріксіз жылайсың. Шын жанашырлықты көрсетесің. Енді осы күні “жоқтау” жоғалды.
Кейбір діншілдер оған тыйым салып жатады екен. Ал шын мәнісінде жоқтау-шын қайғыру, қимау, қоштасу, денсаулығыңа мән беру. Яғни жоқтау арқылы ішіңдегі стресті шығарасың.
Әке-ана, ата-әже, баласы өліп жатса да үндемей, тыныш қана отыратын жандарды көргенде таңқаласың. Адамдарда бір салқындық, қаталдық байқалады.
2. Сосын көп жерде байқайтыным, кейбір үй иелері қатарда тұрмайды, жан-жақта шашырап жүреді. “Анау қайда, мынау қайда?”-деп көңіл айтушылардың іздеп жүргенін бірнеше рет байқадым.
Аулаға кірген сәтте ерлер жағы белдеріне ақ орамалды тағып, таяғына сүйеніп, “ой, бауырымдап” елді қарсы алса қандай жарасымды.
Ал үй ішінде әйелдер отырып алып, дауыс салып, кезек-кезек жоқтау айтып отырса, осы тәртіпті қадағалап, ескертетін адам болуы керек.
3. Жаназаға барар кезде дәрет алып таза бару керек екенін көп адам біле бермейді.
4. Тағы бір ыңғайсыз жағдай, әйелдер жағы көңіл айтатын жерге барар кезде шалбар киіп барады. Тыртысқан шалбар өзіне жарасса жақсы ғой, қарауға ұяласың.
Жаназаға шыққан қыз-келіншектерге айтарым: алдын-ала тізеден төмен көйлегіңізді, орамалыңызды дайындап қойыңыз. Ол жерге тойға барғандай бар тәуіріңді киіп бару шарт емес.
5. Адам қайтыс болған жанға құрметпен қарау керек. Көңіл айтып болған соң далада бір-бірімен абыр-сабыр, емен-жарқын күліп, қарқылдап, өздері өлмейтіндей адамдарды көргенде қаным қараяды.
“Қайғыра алмасаң, тым болмаса өтірік түр жасап тұрсай” деп айтқым келеді. Ерлер де, әйелдер де осыған мән берсе.
6. Асқа кірген кезде кез-келген адам ұялы телефонына мән беруі керек, дыбысты өшіріп, тыныш жағдай жасауға талпыну керек.
7. Сосын ас кезінде кей молдалар ұзақ сонар құран оқып, өздерінің имам екенін көрсеткісі келгендей асқақтап отырады. Әрине көпке топырақ шашпаймын, десекте ондай молдалар кездеседі.
8. Соңғы уақытта белең алған жағдай, мен мешітте ас беруді онша қолдамаймын. Ол жер-таза болуы керек. Баратын адам да таза болуы шарт.
Мешіт асханасының біршамасының ластығын көріп, мен жағамды ұстап қайттым. Сосын тағы да қақырынып, түкірініп, темекісін тартып, қалай болса солай мешіт ауласында жүрген асқа келушілерге “осылар қайда келгенін неге ұқпайды екен?”-деп қайран қаласың.
Әрине біреуден, өзгеден кемшілік іздегім келмейді. Десекте жанды ауыртатын көптен байқап жүрген осы кемшіліктерді назарларыңызға ұсынып отырмын. Сіздер не дейсіздер?
Гүлмира НӘЛІБАЙ, қоғам белсендісі.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.