«Ұлы Отан соғысы» емес, «кеңес-герман» соғысы деп жазған дұрыс

0
23

Әңгіме 1941-1945-жылғы соғыс туралы. Кейінгі кезде тарихшылар 1418 күнге созылған қасіретті кеңес-герман соғысы деп жаза бастады. Өзім де соны құптаймын.

Біреулер аталмыш соғыста 700 мың қазақ босқа қырылды деп те жазып жүр. Енді біреулер «1916-жылы патша жарлығына қарсы шыққан қазақтар неге ширек ғасырдан кейін солай жасай алмады?»-деп айтады.

Қазақ босқа қырылды дейтіндер: «Не үшін соғысып, кімді қорғады?»-деген сұрақ қояды. Мен аталарымыз өз балаларын, өз отанын, өз ұрпағының болашағын қорғады деп айтамын.

Кеңес үкіметі жиырмасыншы-отызыншы жылдары аштықтан қырды, күштеп ұжымдастырып, саналы азаматтарының денін түрмеге қамап, соттап, атты. 1941-жылы соның барлығын қазақ қауымы ұмытты дей алмаймын.

Халықта алайда басқа таңдау болған жоқ. Кеңес үкіметі жыл өткен сайын күш алып, орнықты. Сондықтан қарсыласу нәтиже бермес еді. Өйткені 1916-жылғы ұлт-азаттық қозғалысының қалай аяқталғаны, ұжымдастыруға қарсы 372 көтерілістің немен тынғаны белгілі еді.

Бір жағынан, совет үкіметі тұсында мектепке барып, білім алған жастардың бір буыны қалыптасты. Бұлар кеңестік рухта тәрбиеленіп, совет елін қорғауға дайын болды. Өз еркімен майданға сұранған да солар.

Он алтыншы жылды айтатындар сол кезде Алаш көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың қарсыласпай, патша жарлығына қарсы келмеуді жақтағанын да еске ұстағаны абзал.

Сосын тағы өзін алып кетуге Мұстафа Шоқай жіберген кісілерге ермей, Міржақып неге лагерьде қалды деген сұраққа жауап іздеп көрсін. Сол кезде кімді, не үшін қорғады деген сауалдың жауабын тауып қалар.

P.S. 1941-1945-жылғы қанқасапты ғалымдарымыз соны методология тұрғысынан зерттеуге талпына бастады деп ойлаймын.

ҰОС демей, кеңес-герман соғысы деп жаза бастағаны да соған мысал болса керек. Бұл соғыс болашақта тың ғылыми тұжырымдарға негізделіп жазылуы тиіс.

Серік МАРКСҰЛЫ, тарихшы.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.