Мүфти Наурызбай қажы өзін «елбасымын» деп ойлай ма, бұл қалай?
Наурызбай қажы Қазақстанның бас мүфтиі ме, әлде Путин саясатын күйттеген діндар ма?
Қазақстан президенті Тоқаевтың жарлығымен «2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, бас мүтфти Наурызбай Өтпенов 2025 жылды «Ислам және Отбасы жылы» деп жариялады.
Мұны қысқартып айтып «Отбасы жылы» деп жүр. Бұл жерде Қазақстанның ішкі саясатында бір ізділіктің жоғын көреміз.
Арбаны әр тарапқа тартқан аққу, шортан һәм шаян секілді. «Сен Елбасы болсаң, мен Дінбасымын…» дегенге саятын тақасу да бар ма деп күдіктеніп қаласың.
Патша көңілді бас мүфти қоғамдық ұйымның төрағасы емес, ол өзін көптен бері елбасындай сезінетінін көріп жүрміз (қымбат қонақүй, қымбат ұшақ, қымбат тамақ, облыс әкімдерімен кездесу, елшілермен кездесу, өзге елдің мүфтилерінің саммитін жасау, т.б.с.).
Әйтпесе президент Тоқаевты қолдап, ҚМДБ да 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияласа, бір жері кеміс болып қала ма, бас мүфтидің?! Өтпенов өйтпеді… Неге?
Ресей президенті Путин 2024 жылды «Семья жылы» деп жариялаған. Оны Мәскеу православ шіркеуі де, Ресей мүфтилері де бірауыздан қолдап, «үйленіңдер, көп балалы семья болыңдар, бұл – отбасының басты құндылығы» деген уағызды күшейтті.
Мұндағы астарлы мақсат түсінікті. Соғыс ұзаққа созылса, Украина әскерінің шебін «етпен шабуылдауға» (мясной штурм) қажет адами ресурс азайып қалуы мүмкін, сондықтан Ресейде көптеп бала тууды насихаттайтын «Семья жылын» жарияланды дейді кейбір сарапшылар.
Ресей 2025 жылды «Отан қорғаушылар жылы» деп жариялады. Қысқартып айтсақ, Ресейдің ішкі саясаты үйлесімді – қоғамы соғысқа жұмылдырылған.
Қазақстанда импершіл амбиция атымен жоқ. Президент Тоқаев Қазақстанды «орта держава» деп атап, тек экономикалық дамуға басымдық беріп отыр.
Бізде сантехник, электрик, дәнекерлеуші секілді қарапайым мамандар тапшы екенін белгілі. Имам, молда, азаншы, дінтанушы, полицей, прокурор, заңгер, кеңесші секілді ештеңе өндірмейтін, белі қайысып жұмыс істемейтін мамандық иелері көп.
Сондықтан ғой президент Тоқаев қарапайым жұмысшылардың қоғамдағы мәртебесін көтергісі келеді, экономикаға бір қайыр болса, сол жұмысшылардан қайыр болатынын жақсы түсінеді.
Ал бас мүфти Наурызбай Өтпенов көрші елдің президенті Путиннің саясатын қолдаған секілді Ресейдің ішкі саясатындағы нарративке өкшелеп еріп барады. Олай болса, «Өтпенов Қазақстанның бас мүфтиі ме, әлде Ресейдің мүддесін күйттеген діндар ма?» деген сұрақтың туатыны заңдылық емес пе…
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото интернеттен.