Мәдени мозахистар, медиа маняктар, вайн қуған вампирлар көбейді дейді Мұхамеджан Тазабек

0
758

«Астананың бас имамының үйі» деп видео таратқан жігітке «жалған ақпарат таратты» деп айыппұл салынған еді. Осы мәселеге байланысты діндар Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желі парақшасында жазба жариялады деп хабарлайды Democrat.kz.

«Имамның үйі, 700 000 айып пұл…» деп тақырып қойған Мұхамеджан Тазабек бұл мәселе туралы ескі жылдардан естелікті мысал етіп, қазіргі қоғамдағы жағдаймен жазбасын түйіндепті.

«Тоқсаныншы жылдары бұзық көп болды ғой. Бір жігітті танушы ем. Ұлды ұрып, қызды қырып, жүрген жерін үрейге толтырып, артынан бір жақсы сөз ермейтін.

Шынында елден ерекше мінезді, ешкімнен беті қайтпас батыр деп ойлайтынбыз. Бір күні біз танитын бір қызды қатты қорлап, тіптен шапалақ берген бе, аз күннен соң ауылдан әлгі қыздың ағасы келді.

Жатақхананың тар дәлізінде басбұзар “батыр” мен әлгі ауылдың баласы бетпе-бет жолықты. Қарындасының намысын жыртып, ауылдың жігіті бірдеңе деп еді “батырымыз” сұмдық сұсты жүзбен, сұрапыл сөздермен бас салды. Ауылдың жігіті де, куә боп тұрған біз де аңтарылып қалдық. Бұрышқа тақап, бүріп сөйлеп әкетіп барады. Бет қаратпайды…

Ауылдан келген жуас жігіттің шыдамы таусылды ғой деймін, “Ей, қой, қазір ұрам” деді…

Анау одан бетер намысқа тиетін сөздер айтып, тарқылдай күліп, тап-тап береді. Сөйткенше болған жоқ, ауылда кетпен ұстап, көкпар тартып, отын шауып жүрген жігіт қой, дәукестің қара санынан жұдырықпен түйіп жіберді.

Анау ойбайлады да қалды. Екінші рет шынтағынан жоғары, иығынан төмендеу тұсынан тағы да бір ұрды. Анау жылан шаққандай шырылдап, бүктетіліп отырып-тұрып, байыз таппай кетті.

Үшінші рет ұмтылғанда әлгі “батырымыз”: “Ойбай, болды, қойшы, жаман ауырады екен, братан, жалынам, тиіспеші…” деп бебеулеп кетті. Біз де бірдеңе боп кетті ме деп, ара түсіп ажырата бастадық. Сөйтсек, ауылдан келген бауырымыздың қолы тастай қатты, тиген жерін езіп жіберетіндей қуатты екен. Әлгі сорлы да елді қорқытып, әлсізді басынғанына мәз, әйтпесе, біреуден жақсылап таяқ жеп көрмеген бәтшағар ғой…

Біреу біреуге секіріп, артық сөйлеп, қоймай бара жатқанын көрсем, ыңғай осы оқиға есіме түседі…

“Пышақты өзіңе сал, ауырмаса өзгеге тық” деген мақал бар. Бізде осы үрдіс елден ерекше байқалады. Ынсап, сабыр, тоқтам дегенді үйрететіндер де қалмады. Обал, сауап, зауал дегенді еске салатындар да азайып кетті.

Әлеуметтік желідегі әлімжеттік, жеке басты қорлау, іштегі ызасын біреуден қайтару, бақытсыздығын бақырып бүркеу, жазықсыз жала жабу, отқа май құю басты сипатымызға айналып бара жатыр. Мәдени мозахистар, медиа маняктар, вайн қуған вампирлар күн сайын көбеюде.

Құдайсызданған әлемде дінге тиіссең ешкім ештеңе демейтінін, діндарға тиіссең дым болмайтын білетін парықсыз топтар қауымды қақ жарып, айналасын ылаймалап бітті.

“Әй, Құдай бар ғой, ақылар алынатын ақырет бар ғой” деген ескертуің — оларға, “қыс келе жатыр, арғы күні көктайғақ болады” дегеннен де құнсыз, әсерсіз бір сөздер…

“Күмбезі бар үлкен үй, төрт қатын, үйдегі аспаз, зекет” деген төрт сөз де қоғам қол шапалақтап қабылдайтын триггерлер ғой. Тыңдаған жұрт ду ете қалатынын, дүрліге алып кететінін қу нәпсі сезді. Өтірік болса да “бір шулатайын” деген көңіл қалауын бауырым тоқтата алмады…

Адамгершілікпен шеше алмаған қоғамда заң қатая береді, ардың сотынан аттай берсек заңның сотына жүгіну көбейеді. Өзімізге өзіміз істейміз. Хайптың құлы болмасаң айыптың пұлы да жоқ. Тек жүрсек тоқ жүресің, домаланып көп жүресің…

Бәріміз де жақсы өмір сүргіміз келеді. Жақсы үйде тұрғымыз келеді. Бірақ, жуық арада орындала қоймайтын сияқты. Себебі, берекелі байлық кең пейілге келеді. Өзіңде болмай тұрса да өзгеге қалаумен келетін қаншама игілік бар. Біз ақ-қарасын білмесек те біреуге жақсы өмір, кең үй, жарамды көлікті қимай тұрамыз. Имам болса, бәрі садақамен ғана байығандай, молда болса зекетпен ғана дүние жинағандай жаман ойлаймыз. Білім бергеннен бөлек, саудамен байыған Абу Ханифаны көрсек ауылдан қуып шығатындай, байлығы себепті Мысырға дейін барып білім алған Зейнулла ат Таразиларды елге кіргізбейтіндей көрінеміз, кейде.

Адалдан тапса имам да күмбезді үйде тұрсын, елден жемесе шекпенді де шетелде қыдыра берсін. Кең заман, мол мүмкіндік, әлем ашық. Ал, заң бұзса, шенеунік те, діндар да, таксист те заң алдында бірдей. Қолымен істегенін мойнымен көтерсін, тілімен тапқанын қалтасымен өтесін.

Тек, пейіліміз тарылғаны қиын боп бара жатыр. Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады. Сөз де бұзық, көз де қисық қазір. Жаман сөзге жанымызды саламыз, жақсылықты бар екен деп те есептемейміз…

Өзіміз отырған ағашты біріміз аралап, біріміз балталап, біріміз жаңқалап жатқандай көрінеді…

Әлеуметтік желі — кейде маған ортасындағы қабырғаларын ап тастаған үлкен пәтер секілді көрінеді. Ас үйде әйелдер дабырлап жүр, жатын бөлмеде ерлі-зайыптылар сырласа сыбырласуда, қонақ бөлмеде құда күтіліп жатыр…

Бәрінің көзі бір-бірінде, құлағы қиырда, жүрегі күмәнда. Бір-бірінің шекарасына кіріп, өз ісін де қатырмай, өзгеге де тыныштық бермей жеті күн, жиырма төрт сағат қайда асығып, не істеп жүргенін сезбейтін жұртқа айналып бара жатқандай хәлдеміз…

“Кімнің батыр болғысы келмейді дейсің, жүрегі дауаламайды, кімнің бай болғысы келмейді дейсің, Құдайы қаламайды!”

Алла әйтеуір, ақырының хайырын берсін!» деп жазады діндар.

Фото интернеттен.