«Пәленшемен» жарысқан кей қазақ статусын сақтап қалу үшін жанталасуда

0
208

«Көрпеңе қарай көсіл» деген жақсы сөз бар. Алайда атам қазақ айтқан осы сөзді бүгінгі қазақ ұстанбай-ақ қойды. Ұстанған былай тұрсын, сол ұстанымды онша түсінбейтін де сияқты. Бүкіл әлем zero waste қағидатына көшіп, минимализм тиімділігін түсініп, ресурстарын үнемдеп, заттарды саналы тұтынуға бет бұрып жатыр. Ал біз ше?

Біздің өмір – тойдан тойға, құдалықтан құдалыққа дейінгі ғана өмір тәрізді. Және тойға шашатын асып-тасып жатқан байлығы болса бір жөн-ау…

«Байлық» демекші, қайта байлар әлдеқашан минимализмге көшіп алған. Былтыр Алматыда екі бай құда болыпты. Тойға екі жақтың адамдарын қосқанда 40-50 қонақ қана шақырылып, шағын ғана той өткізіпті.

«Ұзату тойы», «үйлену тойы» деп екі шығындалып, екі шашылып жатпай (шашылам десе жиған-тергені жетеді ғой), ЕКІ ЖАҚ БІРІГІП БІР-АҚ ТОЙ істепті.

Қазіргі қазақтың тойының көбі – орынсыз шашылу. Жұртқа «біз де шалқып өмір сүріп жатырмыз!» деп өтірік күшену, «Пәленшеден қалып қоймаудың» амалы. Сол жалған намыс, жалаң тыраштанудың кесірінен несиеге белшеден батып жатырмыз.

Сол тойларға баратын қонақтардың да жартысының басында қалың қарызы бар (олар да кезінде той жасау үшін алған шығар).

Бірақ «былтыр олар біздің тойға пәлен теңге әкеп еді ғой, қарыз болып қалмайық» деп көршісінен қарыз сұрап болса да тойдан қалмайтындар аз емес. Қайбір жылы үйленген таныс ініміздің тұңғышы былтыр мектепке барды, ал ол байғұс сол тойға деп алған несиесінен әлі құтыла алмай жүр.

Бірақ бізге маңыздысы ол емес сияқты. Бастысы – әйтеуір елден қалмау. Көлік – несиеге, iPhone – несиеге, тіпті тойдағы дастархан да несиеге, тіпті несиеге саяхаттайтындар да бар екен. Бірақ артынан өзіміз «өмір қымбат», «айлық аз», «мемлекет көмектессін» деп зар илейміз.

Қарап тұрсақ, қандай қажетсіз шығындарға шашылып жатырмыз?! Жартысы бір-бірін танымайтын жүздеген қонағы бар тойлар. Той жасайын десең, орын табылмай, айлап-жылдап толып тұратын мейрамханалар мен кафелер. Аста-төк мерекені қалтамыз көтермесе де, тағы да несие алып, «статусымызды» сақтап қалуға тырысамыз-ау тағы…

Бұл өзі бізге шынымен керек нәрсе ме? Неге біз өзімізді осылай қарызға батырып, әдемі өмірдің иллюзиясын жасап жүрміз? Жұрттың біз туралы «бай тұрады екен» деп ойлауы үшін бе? Өзгелерге жақсы көріну үшін бе? Екеуі де алдамшы дүние ғой. Елдің пікірінің сізге не керегі бар, ойланып көрсеңіз? Ертең қатты қиналып қалсаңыз, сол «жұрттың» біреуі кеп, сізге жәрдем бере ме?

Не де болса, көрпемізге қарай көсіліп, шамамыздың жеткенінше ғана өмір сүрген абзал ғой.

Сәкен СЫБАНБАЙ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.