«Пайғамбар қыздың баласын «жиен» демеген»: Қыздан туған бала немере емес

0
2645

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде «жиен немере ме?» деген сауалға қатысты пікірталас қайта бас көтерді деп жазады Democrat.kz.

Бұл даудың қайта басталуына әнші Жанар Айжанованың журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбаты себеп болды. Сол сұхбатта әнші Жанар Айжанова жиенді нағашы ата-әжесі «немере» деп айтатынын, қыздан туған бала нағашы жұртына «жиен» болатынын, қыздан туған баланы «немере» дегенде тұрған ештеңе жоғын айтады.

Әйтсе де, әншінің бұл пікіріне қатысты қоғамның пікірі екіге жарылды. Десек те, қыздан туған баланы «немере емес» деушілер өте көп.

Мәселен, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: «ЖИЕН дегенді жау, бөтен көру қайдан шыққан вирус?!. ЖИЕН деген ерекше статус!

ҚАЗАҚТА ҚЫЗДАН ТУҒАН — ЖИЕН! НЕМЕРЕ ЕМЕС! Өйткені, оның руы басқа! Енді түсінікті ме? Ол немере болатын өз атасы бар! Сен оған нағашы ата — нағашы әжесің! Болды!

Ұлдан туған — НЕМЕРЕ! Тұқым Ұлдан тарайды, Қыздан емес! Халықты шалағайлықпен шатастырмау керек!

Шежіреге ұл жазылады, қыз емес!

Ал ҚАЗАҚ ЕМЕСТЕРДЕ бәрібір — Ұлдан туған да, Қыздан туған да Немере бола береді!

Бұл орыстардан, батыстан келген кесел — ұлдан туғанды да, қыздан туғанды да немере (внук, внучка) дейтін.

Мектепте 6 жыл мұғалім болғанмын — бірінші класс оқушысына түсіндіргендей жеткізе алдым ғой деймін, түсінікті ме Жанар Айжан?!.

ҚЫЗДЫҢ, ҚҰДАҒИДЫҢ КӨҢІЛІНЕ ҚАРАП, ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМҒА ҚАРСЫ ШЫҒУҒА БОЛМАЙДЫ!

“Сөз емес сөзді кісі емес кісі айтады” дегендей, “қыздан тараған жиен емес, немере” деген Жанар Айжанды қорғаймын деп, жалпақ шешей болып, сылап-сипап, қасиетті Мұқаммед (сғс) пайғамбарымызды қазақтың ұлттық ұғымына қарсы пайдаланып, әнші мен өзіңе адвокат қылып отырғаның қай сасқаның Болат Қорғанбеков бауырым?!.

“Мұқамед пайғамбар қызын жиен демеген” деп, күнде қасында шәй құйып беріп отырғандай айтасың ғой? Пайғамбарымыз олай айтқан күнде де, арап пен қазақтың ұлттық ұғымы, ұстанымы, салт-дәстүрі екі басқа, арасы аспан мен жердей екенін білмейсің бе әлі?!.

Жанар Айжан сияқты Мұқаммед (сғс) пайғамбарымыз“тұқым қыздан тарайды” деп қай жерде айтыпты!?

Бұл жерде қазақтың туыстық атауларға байланысты ұлттық ұғымын ұстанып, оны қорғап отырғандар қай жерде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызға қарсы шығып отыр, сенің “ғылыми тұжырымдамаң” бойынша?

Сыңар езулеп тарта берудің не керегі бар? Адам алды-артына қарап сөйлеу керек қой, ұлттық ұғымға қарсы, аққа қара жаққандай, көпке қарсы шығуды дәреже көрмей.

Бәріміз де қызды құрметтейміз, жиенді қадірлейміз! Нағашы деген ең қадірлі туыс — жиен болмаса, кімге нағашы болады?

Қыздың немесе құдағидың көңіліне қарап, ұлттық ұғымға, ұстанымымызға, салт-дәстүрімізге қарсы шығуға болмайды ешқашан!» деп жазды. 

Фото көрнекілік үшін.