Жағымпаз журналистер есебін тауып екі асап жүр

0
103

Мемлекеттік басылымдардағы журналистерге асаба болуға немесе ютуб канал жүргізуге қатаң тыйым салу керек! Асабалық та, ютубқа материал шығару да үлкен ақша және ол қаржыдан салыққа көк тиын да төлемейді. Мысалы, асабалық үшін кейбір журналистер мың доллардан жоғары алады.

Телеарнадағы жалақысы да одан төмен емес. Оған қоса, ютуб арнасына бір материал шығару үшін хабарлассаң, ең кемі 1 миллион теңге сұрайды.

Жақында сондай жағдайға куә болдым. Бір досымнан үш ютубер-журналист біреуі 1 миллион, екіншісі 1,5 миллион, үшіншісі үш миллион сұрады.

Бұлар айына ең кем дегенде төрт рет асаба, екі рет ютуб-арнаға шығып отырады. Яғни, заңсыз табысының өзі ай сайын бірнеше миллионға жетеді.

«Жарайды, ақша тауып байысын-ақ» деп келдік қой. Бірақ олардың араны одан сайын ашылмаса, жабылатын түрі жоқ.

Араны ашылғаны соншалықты, басшылыққа барынша жағымпазданып, үкіметтен тегін берілетін пәтерді басында баспанасы болса да алдымен осылар алады.

Кейбір пысықайлары баспанасын әдейі әйелінің немесе шешесінің атына жазып қойған. Өз қалтасынан сатып алуға толық мүмкіндігі бар. Жоқ, олар өздері сатып алмайды. Сатып алса да онысын айтпайды.

Астананың аязында пәтерден-пәтерге бала-шағасымен көшіп жүрген, бір айлыққа қарап қалған қарапайым әріптестерінің жағдайы оларды қызықтырмайды.

Пысықайдың пасықтығы соншалықты: «үкімет берген тегін үйді маған емес, мына пәленшеге беріңіз» десе, ауыздары қисайып қалады!

Қазір журналистика саласында өз жұмысынан басқада шаруасы жоқ жуас журналистерді көпе-көрнеу алалау секілді әлеуметтік әділетсіздіктер шектен шығып барады.

Бұл Ұлттық арнада көзге қатты ұрып тұр. Ләззат Танысбай өзі журналистік ортадан шықса да, әріптестерін алалаудан алдына жан салмай келеді. Барлық нәрсенің шегі бар!

Ендеше, енді үкімет ұсынған тегін пәтерді басшылықтың шешімі бойынша емес, журналистердің арасында дауысқа салып барып бөлген дұрыс. Ал әлгіндей «Фигаро там, Фигаро тут» деп зыпылдап жүрген «говорящая головаларды» дереу орнына қою қажет!

Тоқтар ЖАҚАШ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.