Наурызнама онкүндігі: бүгін – мәдениет пен ұлттық дәстүр күні

17 наурыз күні Наурызнама онкүндігінің аясында Қазақстан мәдениет пен ұлттық салт-дәстүр күнін тойлайды.
Бұл күн мәдениет пен салт-дәстүр ұлт жанының бір бөлшегі екенін еске салады. Адамдар салт-дәстүр, музыка, би және қолөнер арқылы ата-баба даналығына бойлап, жаңа заманда Темірқазық ролін атқаратын рухани байлықты сақтайды.
Бұл күн ежелгі әдет-ғұрыптарды құрметтеуге, олардың терең мағынасын түсінуге және оны заман талабына сай жаңғыртуға үндейді. Осылайша, салт-дәстүрлер өзінің мәні мен даналығын жоғалтпай, түрленіп, қайта тіріледі. Бұл күн – адамның өз өткеніне құрметпен қарау арқылы кемел болашаққа қадам басуға болатыны туралы ойланатын кез.
Ендеше, бұл күн – әрқайсымызға мәдениеттің ең алдымен ішкі көңіл ауаны екенін, өмірдегі сұлулықты көре білу, өз өткенін қастерлеу, сол арқылы жарқын болашаққа ұмтылу екенін ұғындыратын күн. Бұл – әркім ата-баба даналығын түйсініп, дәстүрлі құндылықтармен қауышып, рухани кемелденуге бағыт алатын кезең.
Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған. Республика аумағында ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға арналған іс-шаралар – байқаулар, жәрмеңкелер, фестивальдар, қазақстандық авторлар шығармаларының тұсаукесері өткізіледі.
Қазіргі таңда елімізде тәуелсіздік рухы бекіп, ұлттық бірегейлік қалыптасып келеді, сонымен қатар салт-дәстүрді жаңғыртуға көбірек көңіл бөлінуде. Ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, халықтық әдет-ғұрыптарға қайта оралу, тарихи символдарды қалпына келтіру және ұлттық мұраға негізделген жаңа мәдени парадигманы қалыптастыру басым бағыт санала бастады.
Қоғамның мәдени-тарихи мұраға деген ынтасының қайта жандануы қазіргі тұрмысымызға айтарлықтай әсер етуде. Жарқын мысал – табиғи ингредиенттерге негізделген дәстүрлі қазақ тағамдарына сұранысты арттырған салауатты тамақтану үрдісі. Осыған ұқсас тенденцияны басқа салалардан да байқауға болады: салауатты өмір салтына деген ұмтылыс ұлттық спортқа деген ықыласты күшейтті, әдебиетке көңіл бөлу классиктердің шығармаларына жаңа тыныс берді, ал музыка индустриясы халықтық мотивтерге көбірек бет бұрып, оларға заманауи сипат беруде.
Бұл Наурыздың жаңа концепциясына толық үйлеседі: ертеден келе жатқан салт-дәстүрлер 21 ғасырға бейімделіп, қазіргі заманға лайық жаңа сипатқа ие болады. Ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибеге негізделген, заман өзгерісіне бейім мәдениет болашақта Қазақстанның дамуына бағдар береді.
Бұл күні мәдени мұраны айшықтап қана қоймай, жалпы жұртшылықты тартатын көптеген іс-шаралар – фольклорлық фестивальдер мен концерттерді, халық қолөнер көрмелерін, шеберлік сыныптары мен шығармашылық семинарларын, мәдени жәрмеңкелер мен базарлар, этнографтармен және сарапшылардың салт-дәстүр туралы дәрістерін, семинарлар және кездесулерді, тақырыптық стрит-арт фестивальдерін (көше театрларының қойылымдарын, спектакльдер мен инсталляцияларды ұйымдастыру), мәдени фильмдер мен деректі көрмелер ұйымдастырылған жөн.
Бұл іс-шаралар әрбір адамға мәдени мұраның байлығын, дәстүрлердің маңызын сезінуге мүмкіндік беріп, адамдардың ортақ құндылықтар мен идеялар төңірегінде бірікгуге, өткен мен бүгіннің байланысын нығайтуға жол ашады.
Айта кетсек, «Наурызнама» онкүндігі мыналарды қамтиды:
14 наурыз – Көрісу күні
15 наурыз — «Қайырымдылық күні»
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні»
17 наурыз – «Шаңырақ күні»
18 наурыз – Ұлттық киім күні
19 наурыз – Жаңару күні
20 наурыз – Ұлттық спорт күні
21 наурыз — Ынтымақ күні
22 наурыз — Жыл басы