«А.Навальныйдың мәйіті қорланған» деп анасы шағым түсірді

0
136

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың анасы Людмила Навальнаяның адвокаты тергеу комитетіне өтініш түсіріп, қаза болған саясаткердің денесін қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етті. Өтініштің суретін Навальныйдың жақтасы Иван Жданов жариялады деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы Азаттыққа сілтеме жасап.

«Православия қағидасы бойынша марқұмның денесі үшінші күні жерленуге тиіс. Навальныйдың көз жұмғанына 8 күн болды, алайда әлі күнге дейін марқұм жер қойнына тапсырылған жоқ» деп жазылған 23 ақпанда тергеу комитетіне түсірілген өтініште.

Бұған дейін тергеуші Варапаев Навальныйдың анасына «жерлеуді жасырын өткізесің», немесе «Навальныйды түрмеде жерлейміз» деп шарт қойған. Саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыштың айтуынша, Навальная тергеушімен келіссөз жүргізуден бас тартқан, себебі оның Навальныйды қалай және қайда жерлеу керектігін нұсқауға өкілеті жоқ деген.

Ярмыштың сөзінше, заң бойынша марқұмның денесі туыстарына сараптамадан кейін екі күннен соң берілуге тиіс. Бұл екі күннің мерзімі 24 ақпанда бітеді. 95 мыңнан астам адам Ресей тергеу комитетінен Навальнаяға ұлының денесін беруді талап етті.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальный 16 ақпанда «Полярный волк» қатаң режимдегі колонияда көз жұмды. Оның қазасына қатысты берілген анықтамада саясаткер «табиғи себептерден қайтыс болғаны» жазылған. Саясаткер қаза болғанға дейін бірнеше күн бұрын тәртіптік изоляторға 27-рет жөнелтілген.

Оппозиционердің жақтастары саясаткерді өлтірді деп санайды. Навальныйдың жесірі Юлия Навальная күйеуінің ісін жалғастыратынын айтты.

Фото ашық дереккөзден алынды.