Байденнің ақыл-есі дұрыстығына күмән келтіруде
АҚШ-тың Өкілдер палатасының мүшесі Кен Бак Конгреске Байденнің «ақыл-ой төзімділігіне» күмән келтіріп, оны орнынан алу туралы қарар шығаруды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл туралы Fox News арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды деп жазады Democrat.kz. Ақпараттық порталы.
Колорадо штатынан республикашыл және АҚШ өкілі Кен Бак Fox News Digital телеарнасына берген сұхбатында Конгреске Байден кабинетін Конституцияға 25-түзетуді қолдануға шақыратын қарар енгізуді жоспарлап отырғанын айтты.
Бұл түзету президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда (вице-президент президент болады) оның өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібін және вице-президенттің бос лауазымды иелену тәртібін белгілейді (жаңа вице-президентті президенттің ұсынысымен Конгресс бекітеді).
Бак бұған себеп арнайы прокурор Роберт Хурдың Джо Байденнің құпия құжаттармен жұмыс істеуі туралы есебі болғанын атап өтті. «Есепте президент Байденнің когнитивтік құлдырауы мен ақыл-ой төзімділігінің жетіспеушілігін көрсететін көптеген жағдай келтірілген.
Еліміздің алдында тұрған әлеуметтік мәселелер мен қауіпсіздік қатерлері өте көп және басшыдан мықты ақыл-ой және физикалық қабілеттерді талап етеді. Вице-президент пен министрлер кабинетінің елімізді бірінші орынға қойып, 25-түзетумен бірге алға ұмтылатын уақыт келді» — деді АҚШ Өкілдер палатасының мүшесі.
Бұған дейін Би-би-си орыс қызметі Байденнің «қарт адамның есте сақтау қабілетінің нашарлығы» туралы айтылатын баяндама АҚШ-та жанжал тудырғанын хабарлаған болатын. АҚШ вице-президенті Камала Харрис: «Президенттің әрекеті жайлы есеп дұрыс емес және саяси астарлы түрде сипатталған», — деді.
Дегенмен БАҚ Байденнің іс-әрекетіндегі, сөйлеген кезде жіберген қателіктері туралы жиі жазады. Мысалы, кеше Америка президенті Джо Байден жыл сайынғы Ұлттық губернаторлар қауымдастығында сөйлеген сөзінде Си Цзиньпинді ресейлік көшбасшы деп атағаны хабарланды.
Бұған дейін Байден Оңтүстік Каролинадағы Демократиялық партияның кешкі асында сөйлеген сөзінде қате сөйлеп, Трампты «қазіргі президент» деп атады. Бұдан бөлек, өткен жылдың желтоқсанында Америка президенті Джо Байден 2002 жылы қайтыс болған әкесінің 7 қазанда Израильдегі ХАМАС шабуылынан аман қалғанын айтқан.
Фото ашық дереккөзден алынды.