Қоғамдағы “бишімбаевтарды” жеңудің жолдары

0
242

Салтанат Нүкенованың өліміне кінәлі деп танылған Бишімбаев сотынан кейін қазақ қоғамында кәдімгідей үлкен серпіліс басталғаны анық. Әйелге қол көтеретін еркектерге қатысты ауқымды науқан басталды.

Салтанаттың өлімі талай әйелдің ішінде жылдар бойы тұншығып жатқан зарын сыртқа шығарды. Бұған дейін “күйеуім ұрып-соқты” дегенді айтуға ұялғандар мен күйеуінен таяқ жеуді қалыпты жағдай деп санап келгендер өз оқиғаларына басқа қырынан қарай бастады. Иә, сағызша созылған Бишімбаевтың сот процесіне қатысты сын да айтылып жатыр.

Десек те, қазақ қоғамына бұл соттың берер пайдасын да жоққа шығара алмайсыз. Бұған дейін сот залын көрмегендер алғаш рет тікелей эфирде сот процесін қарап отыр. Сот, прокурор, адвокат дегеннің кім екенінен хабары болғамағандар бұл күнде кімнің кім екенін тани бастады. Ал бәрінен де маңыздысы, Бишімбаев сотын қарап жүргендер заң, құқық деген дүниелерден аздап болса да, хабары бола түсті.

Бишімбаев оқиғасы қазақ қоғамында қыз өсіріп отырған кез-келген кісіні селт еткізіп оятып, уайымға батырды. “Менің де қызымды күйеуі ұрып өлтірсе ше?” деген суық ой қызы бар әр ата-ананың көңілін тілгілеп өткені сөзсіз.

Өкінішке қарай, “бишімбаев оқиғасы” айналамызда әлі қаншама бишімбаевтардың сумаңдап, қаптап жүргенін де көрсетті. Әлеуметтік желілерде Салтанатты кінәлап жазған түрлі еркектің түпкі түсінігі оның да бір бишімбаевтектес екенін білдіреді. “Әйел ішпесін, әйел тілін тартсын” деген сыңайдағы пікірдің иесі әйелге қол көтеретін оспадар қылықты, білімсіз, надан еркектің нақ өзі! Ондай еркексымақтар қоғамда өте көп.

Ішкен әйелді, көп сөйлейтін келіншекті  өлтіруге болмайтынын, тіпті ұруға болмайтынын ондай сорлы еркектерге түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан да ондай шалбар киген жабайы пенделерден қыздарымызды қорғаудың санаулы ғана жолы бар.

Осы күнге дейінгі айтылған, жазылған пікірлерден іріктеп, ең бірінші кез келген ата-ана қызына міндетті түрде заң, құқық дегеннен білім алуына жағдай жасауы керек. Құқығын заңмен қорғаудың жолдарын сәт сайын айтып, үйретуге тиіс.

Екіншіден, мүмкін болса, күйеуінен жәбір көрген әйелдің барар үйі болуы керек. Мейлі өз үйі болсын, мейлі тіпті жеке пәтері болсын, әйтеуір барар жері болуы керек. Әйтпесе, көбінесе біздің қыз-келіншектер барар жері болмағандықтан, амалсыз күйеуінің таяғына төзіп жүре беретін жағдай көп.

Үшіншісі және ең бастысы, қыздарымызды кішкентайынан күрес, бокс, каратэ, дзюдо сынды спорт түріне беру керек. Өзін қорғауы үшін ең болмаса, жұдырық ала жүгірген еркекке қарсы тұра алатын күші болсын.

Күрестің белгілі бір тәсілдерін меңгерген қыз өзіне қол жұмсатып қарап тұрмасы сөзсіз. Жауыз, ақымақ, сорлы еркектерден қорғанудың негізгі жолдары осы деп ойлаймын. Ал сіз қалай ойлайсыз? Қызымыз Салтанаттың күйін кешпесін десек, басқа тағы қандай жолдар ұсынар едіңіз?

Бақыт ҚАЙНАРБЕК,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.