Әйелімнен көрмеген қорлығым жоқ…

0
269

Бишімбаев сотынан кейін және “Отбасындағы зорлық-зомбылық” туралы заңнан кейін қазақ қоғамында еркектерге деген өшпенділік, реніш, ыза өршіп кеткендей.

Кез келген әлеуметтік желіні ашып қарасаңыз, еркектер туралы жағымсыз пікірлер қарша борап жатыр. Алайда тек еркек емес, әйелінен қорлық көрген еркектер де арамызда аз емесін біреу білсе, біреу білмес. Неге?

“Себебі, еркектер әйеліне қатысты шағым айтуды намыс санайды” дейді біздің кейіпкеріміз. Аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінген кейіпкеріміз Дастан сонау тоқырау заманы 90-шы жылдары үйленіпті. “Әйеліммен университетте оқып жүріп таныстым. Үйлендік. Бастапқыда бәрі жақсы сияқты еді.

Алайда үйленген соң арада 2-3 ай өтер-өтпес әйелімнің шынайы жүзі ортаға шыға бастады. Үйдегі жалғыз ұл екенімді білсе де, ата-анаммен ауылда тұрмаймын деп ұрыс шығаруын қоймады. Анам “келін тыныш болсын” деп бізді қалаға бөлек отау етіп шығарды. Қалада бөлек үйде тұрса да, әйелім Әселдің көңілі ештеңеге толмады.

Оның бар арманы — шырттай киініп, жұртқа бар алтынын көрсетіп, кафе-ресторанда шалқып, қыдырып жүру еді. Алайда күндіз-түні жұмыстан қолым босамайтын менің ондай қыдыруларға мүмкіндігім болмады. Құлағым тыныш болсын деп тапқан ақшамды Әселдің қолына ұстаттым. Балалы болса, басылар деп ойладым.

Алайда өзі сияқты құрбылары бар Әсел жылтырақ өмірге еш тоймады. Екі баламыз өмірге келді. Екеуін де ата-анама бағып бер деп апарып тастадық. Себебі Әселдің бала қарағысы келмеді. Әселдің бір күнгі өмірін сипаттап берейін, бәрі түсінікті болар.

Түсте 12-1-де ұйқысынан тұрып, жуынып-шайынып, боянып-сыланып, таңғы асын ішеді. Сосын жасанып, сәнденіп құрбыларына кетеді. Үйде отыр десең, бітті, айғай-шу, ұрыс-керіс. Қит етсе, балаларды алып кетемге басады. Мемлекеттік қызметте істейтінімді айтып, “масқараңды шығарам” дейді. Оның үстіне ата-анам, бауырларым да «балалардан обал, ажыраспа» деп қанша рет қарсы болды.

Осылайша жылдар жылжи берді. Төрт балалы болдық. Әсел сауыққа толы өмірінен бас тарта алмады. Қолынан шылымы, мен сырасы түспейтін жағдайға жетті. Талай рет аунап жатқан жерінен балалары үйге сүйреп әкелген кез болды. Әсел түзелмеді.

Ертесіне “мұның дұрыс емес” десең, басың пәлеге қалады. Өзінің бақытсыз екенін, ол бақытсыздыққа да айналасы кінәлі екенін айтқанда, расымен де өзімді кінәлі сезініп, жер болушы едім. “Әсел бақытты болсын” деп жүріп, елу жасты да еңсеріппіз.

Өкінішке қарай, “балаларды әкетем”, “үстіңнен арыз жазам”, “масқара етем”, “өйтем-бүйтем” деген қоқан-лоққысына төзіп өмірім өтіп кетіпті. Қазір немерелеріміз бар. Бұл жаста ажырасу туралы айтудың өзі де ұят қой. Ағайын-жұрт, құда-жекжаттан ұят деп жүріп жатырмыз.

Алайда бүкіл әйел еркекке кінә артуға шебер. Ал еркектің тілегімен, қалауымен санасатын әйел өте аз. Мысалы, кез келген әйел өзіне қымбат зат алады. Ойланбастан. Ал еркекке келгенде, тиын санап қалады. Рас қой?

Еркек арақ ішсе, жер-жебіріне жетіп, езіп тастайды. Ал әйел ішсе, еркелік, тәлпіштік деп қарайды. Әйел ақша таппай, жұмыс істемей жүре берсе, болады. Ал еркек жұмыссыз болса, әйелі не қуып жібереді, не ажырасып тынады.

Неге? Әйелін ұратын еркектерді жақтамаймын. Алайда олардың ішінде де әйеліне қол көтеруіне себебі бар кісілер жоқ емес. Иә, қандай жағдай болсын, қол көтеруге болмайды. Алайда мен сияқты балаларын қимайтын еркектер ажырасудан өлердей қорқумен өмірі өтіп жатқанын екінің бірі білмес”,- дейді Дастан.

Самал МӘДИ,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.