Ақша жинағыш ата-ана білім саласының атына кір келтіреді

0
1572

Facebook әлеуметтік желісінде еліміздің мұғалімдері отыратын “Қазақстан ұстаздары” тобында “мектепте ақша жинау” туралы мәселе бойынша арнайы сауал қойып, пікір жинақтадық. Мақсат — ақша жинау мәселесіне қатысты ата-ана мен ұстаздардың ұстанымын білу болған.  

Сұрақ бітіруші сыныптың ата-аналары алдағы өтетін түрлі іс-шараға (25 мамыр, емтихандарда дастарқан жаю, бітіру кешін өткізуге, кортеж жалдауға т.б) байланысты ақша жинау науқанын бастаса, не істеуге болады?

Өкінішке қарай, сауалдың астына жазылған жүздеген пікірдің басым бөлігі көңіл көншітерлік емес. Жазбаны дұрыстап, түгел оқымағанымен қоймай, беталды пікір жазғандарды есепке алмағанда,“Берсең, балаң үшін бересің” деген пайымға негізделген жазбалардан түсінгеніміз, қоғамда құқықтық сауаты жоқ  ата-ана аз емес екен.

Назарларыңызға осы жазбаға қатысты бірқатар  пікірлерді жинақтап ұсынуды жөн көрдік. Пікір иелерінің нақты кім екенін жоғарыдағы сілтемеге өтіп біле аласыздар. Ал біз өз тарапымыздан жай ғана ортаға түскен пікірлерді еш өзгертпестен, назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

Ақшаны біреуге емес балаңның есте қалатын қызық күндеріне жинап жатқан шығарсың. Ұстазына гүл сыйласаң онда тұрға не бар.Ол ұстазға деген құрмет. Әр нәрсе ге шүкір де.Оған да жете алмай жүргендео бер

Мен түсінбеймін,берсең балаң үшін,азамат болды,білім алды,сол кішкене мезірет үшін жар салу не,бермесең берме

Баланың есінде калатын кештер емеспе, оган неге киналасын. Ұстазга гүлге жинаганды әңгіме етип отырсын ба, түйені бүтіндей жұтып отырганды әңгіме етсей. Бала үшін өмір сүріп жаткан жоксынба. Аллага шүкір деген дұрыс балаң ер жетип мектеп бітірген куанышына ортак болмайсын ба.

Бала үшін береміз ғой не берсекте. Шли майдаланып барамыз

Өз балаңның қызығына келгенде ақша аяу ма?! Ұстаз еңбегі қайда?!! Мен әлде лұрыс ұқпадым ба?!!

Баламыздың барына,жиналатын ортақ қоғамына шүкір деуіміз керек,миллиондап ақшасын жұмсаса да бір перзенттің иісін аңсап жүрген жандар қаншама …

Баласын жақсы ортадан қақпайлауға еш ата-ана қарсы болмауы керек ,,Жалғыз жүріп жол тапқанша,көппен жүріп адам,,-деген халқымыз...

Бармаяккой ,берме ,бирак баскаларда шаруан канша ? Токылдак

Төрт-бес адамның пікіріне қарап, бүкіл ата-ана осындай деуден аулақпыз. Алайда қит етсе, ақша жинап, шапқылай беретін ата-ана өзінің бұл әрекетімен мұғалімнің, мектептің, қала берді тұтас білім саласының атына кір келтіріп отырғанын біле ме? Білім саласы арнайы министрліктен басқарылады.

Міне, сол министрлік жыл сайын мектепте ақша жинауға тыйым салынғанын, бітіруші сынып оқушыларының ас та төк дастарқан жайып, банкет өткізуіне тыйым салынғанын, мұғалімге берілетін сыйлықтың пара екенін, ал пара беруге байланысты еліміздің Қылмыстық кодексінде жаза барын айтудай-ақ айтып жатыр.

Өкінішке қарай, “бала үшін” дейтін ата-ана кез келген нәрсеге ақша жинауға жанталасуын қояр емес. Бұған дейін мұғалімі ақша алатын қазақ қоғамы едік, енді ата-анасы мұғалімге ақша жинайтын қоғамға айналдық. Не істемек керек?

Дәл осы сұрағымызға нақты жауап болатын пікірді осы сауалнама астында Акыл Бекетованың: “Осындай ақша жинау мәселесі жағымпаз ата-аналардың тарапынан болып жатады. Жақсылап заңмен жазалау керек, сонда ғана тоқтауы мүмкін. Шара қолданбайтын заңның керегі не?” деп бір ауыз сөзбен түйіндепті.

Білім саласындағы түрлі іс-шараларға ата-аналардың ақша жинауына заңмен тыйым салынуы керек.  Ақша жинау туралы бастама көтерген ата-ананы заң алдында жауапқа тартқанда ғана, “бала үшін” деген түсініктегі кейбір ата-ана айылын жиып, ақылға келетін шығар, қалай ойлайсыз?

Ляйля ХАН, Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.