Біздің қоғам -осындай

0
226

Бүгінгі заманның адамдарының арманы, есі-дерті — қайтсем тез байып, табысқа кенелсем дейді. Бірінен бірі асып түскісі келеді. Әрине олар бұл ойын айқайлап айтып жатқан жоқ, үндемей жарысып жүр, бірақ озып шыққан ешкім көрінбейді.

Бәрі де жылтырауыққа құмар, сатып алушылар әуелі тауардың әдемілігіне қарайды, ораманың ішінде не жатқанына, оның сапасына тіпті қарамайды.

Қазіргі заман понтшылдықтың заманы, яғни жыртыл қазақтың, даңғаза мақтаншақтықтың заманында өмір сүріп жатырмыз. Мектеп оқушылары жүздеген мың тұратын смартфондарды қолдарында ұстап әртүрлі ойын ойнап жүр.

Бірақ біле білген адамға бұл смартфондар бизнес-ұсыныстар, бизнес жоспарлар жасайтын бизнесмендер ұстап жүру үшін, іскерлікке пайдаланатын зат қой. 150-200 мың жалақы алатын менеджерсымақтар бірнеше миллиондық көлікті айдап жүр.

Ауылдың қара сирақ кедейлері 300-400 қонақ шақырып той жасап, ас та төк етіп шашылып екі-үш күнге созылатын той жасайды. Бәрінің де айтатыны (бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай) бірдей: «Мен басқалардан кеммін бе …?!», жұртқа көрсету үшін немесе мақтаныш ретінде жасайды.

Қазақтың понты өте жұқпалы болып тұр! Бұрын-соңды понтшылдығы жоқтар да осылай істейді, себебі олар басқаларға еруге, еліктеуге мәжбүр. Егер сыныпта бір оқушының ең азы смартфоны жоқ болса, бәрі жабылып оны мазақ етіп, бейшара санауға дейін баратын жағдайға жеттік.

Егер офистің бір қызметкері еңбек демалысын Түркияға немесе Дубайға бармай, саяжайда немесе ауылда өткізсе, бәрі оған қайыршы деген көзбен қарайды. Бизнесменнің немесе іскердің астында пәленбай мың долларлық автокөлігі болмаса оны бизнесмен қатарына қоспайды.

Тіпті нан-шаймен отырса да, несиеге қымбат көлік алуға ұмтылатындардың да аз емес екенін жоққа шығаруға болмайды!

Даңғаза мақтаншақтықтың қаншалықты зиян екендігі айтпаса да түсінікті. Біріншіден, мұндай адам қыруар ақшасын ісін дамытуға емес, сыртын әшекейлеуге (қымбат көлік, жылтырақ кабинет, т.б.) жұмсаймын деп қыруар мөлшерде несие алуға, шығындалуға жұмсайды.

Екіншіден, жұрттың айтар пікіріне («Жұрт не айтар екен?!») тәуелділікке түседі. Өзінің пікірі жоқ (дүниені бағалау деңгейі төмен) адам жұрттың пікірін күтіп отырады. Үшіншіден, осылай, «Болмасаң да ұқсап бақ» деген ұстаным өмірлік мақсатына айналады.

Бүгінгі қоғамға понтшылдықты ендірген капиталистік жүйеден келген әдет –адамдарға қажетсіз мүлік пен дүниені, қажетсіз қызметтерді молынан жаппай жарнамалап, сату. Ең бастысы — даңғаза мақтаншақтықты адамдардың санасына сіңдіру, мына заттар мен дүниелерді сатып алу, тұтыну, мынадай қызметтерді пайдалану – нағыз «крутойлықтың» белгісі деп сендіру.

Жылтырағанның бәріне қызығудан, сырты сұлудың бәріне құмарлықтан арылу үшін, басқалардың пікіріне тәуелді болмау қажет!

Бұл бағытта «Жұрттың пікіріне түкіргенім бар» деген сенімге бір орнығып алшы, жұрттың сені құрметтеуінің еш азаймағанын, тіпті керісінше, қадіріңнің арта бастағанын байқайсың.

Қажетсіз понттың орнына қаражатың мен уақытыңды ісіңді одан әрі нығайтуға, дамытуға жұмсашы, саған қызыға да, қызғана да қараушылардың көбейе бастағанын байқайсың. Сырты жылтыр, іші қуыс емес, саналы, табысты адамдар көбінесе осы жолды таңдаған …

Иә, шын мәнінде табысты, өзіне өзі сенімді, ой-санасы жоғары адам ешқашан жұрт алдында өзінің абыройын жасанды түрде көтеруге тырыспайды, себебі ол — абыройы әу бастан-ақ тәуір, лайықты адам.

Ондай адам дүние, мүлікпен мақтанбайды, қызметкерлеріне тіл тигізбейді, өзінен төмен тұрған әлеумет мүшелерінің ақысын жеп, солардың есебінен байымайды. Себебі табысты, саналы адам үнемі алға қарайды: алдына қойған мақсатына, үлгі алуға тұратын кісілерге қарайды.

Осындай мінез бен ой-саналық ұстаным ұстаған адамда тұрмыстық майда-шүйделерге, жылтырақтарға қызығушылық болмайды.

Осындайда Оскар Уайльдтың мына бір сөзі еске түседі: «Өзгеге емес, өзіңе ұқсап бақ. Басқа рольдердің бәрі де бос емес». Халықтың тілінде оны былай айтады: «Барынша қарапайым бол. Сонда шақырмасаң да сенің айналаңа жұрт үйір болады …». Бұл мақаланы интернет материалдарынан аударған С. Жүсіп.

ПС. Мақала қазақ қоғамына бейімдеп аударылған. Бірақ бұл сөздерді құлағына ілетін қазақтар бар ма екен?! Ай, қайдам?! Қазіргі қазақты өзінің понтшылдығын ешқашан қоймайтын халық деп санаймын …

Нұрсұлтан ДҮЙСЕБЕК,

Facebook-тағы жазбасынан.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.