Қара шаңырақтың қасиетін жоғалттық
Үш жүз жыл бодандықта болып, жетпіс жыл құдайсыз өмір кешсек те қарашаңырақты қадір тұтқан ұлт едік. Қазір айдың-күннің аманында қағынан жеріген құландайын ұл үйінен, қыз төсегінен безіп, тіл ділінен, дін құдайынан жиіркеніп, әке үйден қашып, ана баласын далаға лақтырды.
Қарашаңырақты қастерлі, қасиетті үй санамағандықтан қазір елдің сиқы қашты.
Алдымен шаңыраққа сәлем беріп кірмеген мейманын үйіне кіргізбейтін қазақ халқының этнографиялық ұғымынан айырылып қалғанына қарап қарнымыздың ашатынын жасырып қайтеміз. Ауылдың ойран-топан болуының бір себебі осында жатқан сияқты.
Жақында іссапармен Ақжар ауданында болған кезде Алқатерек орта мектебінің директоры Руслан Тәменов ауылдың тірегі – мектеп емес, қарашаңырақ екенін айтып қалды.
– Таяқ қадасаң, тал болып өсіп шығатын топырағы құнарлы өлкемізде қазақ ауылдарының құрып бара жатқаны қабырғаңды қайыстырмай қоймайды. Қарашаңырағын сақтауға ниеттенген азаматтың қолын ешкім ұстап тұрған жоқ қой.
Қырық сылтауын айтып, өз туған үйінің есігіне құлып салып, қалаға тұра тартатындарды түсінбеймін. Шаһарда оларды қойдың басын асып кім тосып отыр екен? Ата-анамыз асфальтта өмір сүрді ме? Қаратопырақта аунап-қунап өскен ауыл балалары емеспіз бе? Олар да жайлы өмірді аңсады. Бірақ шаңырақтың киесінен қорықты.
Алладан кейін ата-ананың тілегін бәрінен жоғары қойып, ауылда тіршілік етті. Қазір ешкім шаңырағын ортасына түсіре салудан тайынбайды. Біріне-бірі еліктеп, ақыр соңында өз ауылын қалай құртып алғанын өздері де түсінбей жатыр, – дейді Руслан Тәменов.
Ескіліктің қалдығы, ескінің сарқытына балап, әке-шешені асыраудан қашып, “үлкен үйдің” иесі болудан безгендерді де көз көріп жүр. Уәлиханов ауданындағы “Жолдасбай-Агро” серіктестігінің басшысы Сүйіндік Жолдасбаев рухани құндылықтар тасада қалғанына күйінетінін жасырмады.
Шаңырақ қасиетінен айырылған жерде ата-ана қадірін жоғалтып, тастанды балалар мен жетім шал-кемпірлердің қатары көбейеді.
– Өткенде мемлекеттік қызметте жүрген бауырым бір қарияның үйіне құм апарып беруімді өтінді. Апармаймын дедім. Тасынғаннан емес, ашынғаннан айттым. Айтқан адамын жақсы танимын. Жетім шал емес. Ұрпағы өсіп-өнген. Балалары перзенттік парызын орындамаса, айдаладағы өзге біреу құлша жүгірсін бе? Олай болмайды.
Әр бала өз әке-шешесіне қызмет көрсетуге міндетті. Қарашаңырағыңа сіңірмеген еңбегіңнің Қазақстанға керегі қанша? Көпшілікке атымтай жомарт болмай-ақ қой, алдымен ата-анаңның жағдайын жаса. Мемлекетіңе тигізген пайдаң сол. Өкінішке қарай, көбі перзенттік парыз бен адамдық борыштың не екенін түсінбей жүр, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Сүйіндік Жолдасбаев.
Шаңырақ – адамгершілік пен жауапкершіліктің ұясы. Бұны түсінетін адамдардың күрт азайып кеткенін күнделікті көріп те жүрміз. Осы көктемде табиғат тосын мінез көрсетіп, көптеген үй суға кетті. Баспанасынан айырылған жерлестеріне көмек көрсетуге ұмтылған еріктілер өз дүниесіне өзі бейжай қараған санасыз азаматтардың пиғылына күйінгенін айтпай кеткеніміз жөн болмас.
– Ерікті ретінде жұмыс істегеніміз үшін ешкім айлық төлемейтінін бәрі біледі. Су кеткен соң тұрғындардың жарамсыз дүниелерін жинап, үйінің маңайын қалпына келтіру үшін арнайылап сенбіліктер ұйымдастырып, қолғанат болуға тырысып бағамыз.
Алайда жатыпішерлердің өз мүлкін өздері жинамай, бүйірін таянып, бұйрық беріп тұрғанын көргенде жиіркеніп те кетемін. Өз маңдай терімен тұрғызған баспанасын, көтерген шаңырағын сыйламаса, оны өзге біреулер қайтсін? – дейді ерікті Салтанат Қуанышева.
“Шаңырағың биік болсын”, “Керегең кең болсын”, “Шаңырағың шайқалмасын” деп тілектерін жеткізетін қазақ халқын ненің киесі соққанын түсіне алмай жүрміз.
Мүмкін үйінің жаман-жақсысын табалдырығынан таныған тектінің ұрпақтарының кейбірінің жалдамалы пәтердің босағасында күн кешіп, өзгенің қас-қабағын бағып жүргенінен болар. Такси жүргізушісі Серік Әкімовтің де өз айтары бар екен.
– Жамбыл ауданындағы Суаткөл ауылында өстім. Суаткөл, Балуан, Үлгі, Талпын, Амангелді, Есперлі, Сәбит, Қарақамыс, Богдановка, Орталық кезінде дүркіреп тұрған ауылдар еді. Қазіргі таңда аталған елді мекендердің бірі де оңып тұрған жоқ.
Көз алдымызда құрып бара жатқанына жүрегің ауырады. Қит етсе қарашаңырақты алға тарта жөнелеміз. Шаңырақты сақтауға да жағдай керек. Балаңды оқытатын мектеп, оларды асырайтын жұмысың, тақтайдай тегіс жолың болса, атамекенін тастап кім кетеді? – дейді ол. Бұл уәжді де жоққа шығаруға болмайды.
“Көп түрік енші алып тарасқанда, қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?” – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев толғанған екен. Түркі әлемі бұл күндері өздерінің қарашаңырағы деп мойындап отырған Қазақстанның ауылдарындағы шаңырақтардың ортасына түсіп жатқаны – үлкен трагедия.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.