Елімізде қауіпті тариқаттың тағы біреуі бар
Сопылық бағыттардың бірі Нақшбандия тариқаты Ислам дініндегі ілімдердің жүйеленуінен пайда болған. Аталмыш тариқатты ұстанушылар Қазақстанда әлі де бар.
Алайда олардан келетін қауіп бар ма? Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығы» теологы, дінтану магистрі
Нұржан Қалиев пен тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек Stan.kz тілшісіне Нақшбандия тариқатының тарихы мен мақсатына тоқталып, тариқатты ұстанатындардан қандай қауіп барын баяндады.
XII ғасырда дүниеге келген Нақшбандия тариқаты Абдулхолиқ Ғиждуваний деген ұстаздың мектебінен бастау алады екен. Йасауитанушы Зікірия Жандарбек нақшбандия тариқатының тамыры қайдан бастау алатыны және қай елдің мәдениетіне негізделгенін айтып берді.
“Тариқат – белгілі бір мәдениетке негізделеді. Барлық тариқаттың негізгі өзегі бір. Мақсаты – рухани әлеммен, Алланың әлемімен байланысу. Әр халықтың өз дәстүрі бар. Нақшбандия тариқаты парсы мәдениетіне негізделген. Бұл тариқатты қабылдағандар бірте-бірте парсының мәдениетін қабылдайды. Әсіресе, орта ғасырларда түркі халықтарының этникалық жіктелуге түсуі, мемлекеттігінен айырылуы, соның ішінде Қазақ хандығының күйреп, мемлекеттігінен айырылуына осы нақшбандия тариқатының үлесі зор.”, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты.
Нақшбандия тариқатының негізін қалаушы Бахауддин Нақшбанд 1318 жылы Бұқараға жақын Касри Хиндуван ауылында дүниеге келген.
Ол Яссауи жолы өкілдерінің шәкірті болып, рухани әлемге ұласқаннан кейін өз алдына “Ходжа Гания” тариқатына барып, мектеп құрды. Тариқат 14 ғасырдың ортасына дейін халық арасында “Ходжа Ғиждувания” деген атпен танымал болды. Кейін “Нақшбандия” деп аталып кетті.
Нұржан Қалиевтің айтуынша, нақшбандия тариқаты ислам ілімдерінің жүйеленуінің нәтижесінде пайда болған. Ол тариқаттың тарихын ислам дінінің жер бетіне таралуымен байланыстырды.
“Кезінде Мұхаммед пайғамбар дүниеден өткеннен кейін үш буын, яғни, сахабалар, тәбиндер және табаға тәбиндер Пайғамбарға еліктеп, оған ұқсағысы келіп, тақуалық, рухани кемелдік жолын ұстанған. Кейін ислам әртүрлі елге, халыққа, жерлерге тарағаннан кейін оның кейбір ілімдерін жүйелеу керек болды. Сол себепті фиқһ, ақида, ғибадат, ахлақ, тасауф сопылық жолға қойыла бастады. Өйткені Ислам кең таралғандықтан оның ілімдерін, құндылықтарын жоғалтып алмас үшін жүйеленді. Кейін сопылық, тариқат жолын ұстанып, таратқан көптеген мазхабтар, бағыттар болған. Соны бірі – нақшбандия. Оның негізін қалаушы Бахауаддин Нақшбандтың тұжырымы бойынша, адамның тәні адамдармен, жүрегі Алламен байланыста болуы керек. Ол кейбір қазіргі адасқан сопылық тармақтар сияқты дүниені тәрк етіп, мистикаға беріліп, ілімге мән бермеу деген нәрсені қолдамайды. Керісінше, өзі еңбек еткен, сауда жасаған, білім алған. Бірақ сонымен қатар Алланы ешқашан жүрегінен шығармаған”, – дейді Нұржан Қалиев.
Бахауаддин Нақшбанд адам Алланы жадында ұстап жүріп те, бұл дүниенің тіршілігімен айналыса алады деп санаған. Бірақ кейін оның жолын жалғастырушы шәкірттері, өкінішке орай, білімге, ғылымға аз көңіл бөліп, бұл дүниенің амалдарын тастап кеткен.
Зікірия Жандарбек “Нақшбандия тариқатынан қазақ қоғамына зиян бар ма?” деген сұраққа жауап берді.
“Тариқатты қабылдағандар жалпы қауіпті болмауы мүмкін. Бірақ болашақта қауіпті болу ықтималдығы бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Қазіргі Ауғанстандағы кейбір радикалды ұйымдардың негізгі ұстанған бағыты – нақшбандияның “деобандия” деген ағымы. Егер біздегі жергілікті нақшбандийлер олармен байланысатын болса, онда бұл расымен өте қауіпті болмақ. Сол жақтан қатер төнер болса мына жақтағы нақшбандийлердің бір бүйрегі бұрып кетуі ғажап емес”, – дейді ол.
Нұржан Қалиев те бұл ықтималдықты жоққа шығармады. Кезінде Саддам Хуйссейн биліктен кеткен соң оны жақтаушылардың бір тобы “Нақшбандия армиясы” деген ұйым құрса, енді бір тобы қазіргі Сириядағы “ИГИЛ” деген террористік ұйымды құрған.
“Олар осы тариқатты ұстанушы болып көріну үшін осындай қадамдарға барды. Соғысқа, қаруға жүгінген. Белгілі бір дәрежеде олар Иракта “ИГИЛ-ға” қарсы болмаған.
Сонымен қатар қазіргі Ауғанстандағы талибан ұйымы мен нақшбандия тариқатын ұстанушылардың арасында белгілі бір дәрежеде түсіністік, өзара байланыс бар.
Тәліптердің сопылық жолға ешқандай қарсылығы жоқ. Бірақ таблиғ жамағат, деобанд сияқты Үндістан, Пәкістан, Ауғанстандағы ықпалды ұйымдардың осындай тариқаттармен, сопылық жолдармен жақсы қарым-қатынаста.
Сол себепті Ауғанстан аумағындағы кейбір радикалды ұйымдар Орта Азияға ықпал ету үшін бізде қалыптақан нақшбандий тариқатын ұстанушыларды пайдаланып кету қаупі бар. Осылайша олар өздерінің құйтырқы іс-әркетін бізде жүзеге асыруы мүкін”, – деп сөзін қорытындылады Нұржан Қалиев.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.