Кимешекті кім көрінген кимеген

0
798

Кимешек-қазақ халқының киелі бас киімі! Ол бас киім ғана емес, әйел адамның «жеке құжаты» мен «мінездемесінің» де орнына жүреді.

Кимешекке қарай әйелдің жас мөлшерін, тұрмыс жайын, тіпті жүріс-тұрысын, ұқыптылығы мен салақтығын ажарататын болған.

Кимешектің түрі көп.

Олар көбіне рулық-тайпалық өмір ерекшеліктеріне байланысты болған.

Жалпы кимешек кию дәстүрі 30- шы жылдарға дейін сақталған.

Кимешек ақ матадан, жібектен молдау пішіліп, әйелдің басын, кеудесін, иығы мен жауып тұрады.

Кимешек әшекейсіз болмаған. Әшекей үшін алтын, күміс, лағыл, ақық меруерт секілді бағалы тастарды қолданған. Ол тек жас келіншектерге арналған. Әрине, кимешекті жас мөлшеріне, әлеуметтік орнына қарай таққан.

Кимешекті егде және қартаң тартқан аналар кимешек үстінен «күндік» байлаған.

Аса қарт бәйбішелер «шалма» да киетін болған.

Келін түскеннен кейін бір жылдан кейін келіншектің енесі ауыл-аймақтың әжелерін шақырып «Кимешек тойын» жасайды. Ауылдағы көп балалы ананың жолын берсін деген ниетпен келінге кимешек кигізу соның үлесіне тиген.

Жас келінге кимешек кигізу жас келіннің ана болғанын әйгілейтін ғұрып.

Ертеде келін тұнғыш сәбиін босанғаннан кейін, баласы қырқынан шыққаннан кейін енесі:» Басы қату болса, аяғы тату болады»деген, істегенің бізге, үйренгенің өзіне жақсы.

Қаталдығымыз болса өзіңді шынықсын, бойына жақсы әдеп пен қасиет дарысын дегеніміз. Артық кетсек айып етпе қалқам! Бүгіннен бастап осы шаңырақтың толық мүшесісін!..»- деп келіннің мандайынан сүйеді. Зерлі, шытыралы кимешекті ауыл анасы кигізіп келінді бұрынғыдай босағаға отырғызбай, енесі өзінен жоғары отырғызып, өзі шәй құйып беретін болған.

Сол күннен сәлем беруден босатады, шошаладан ет алып асуға рұхсат береді, тіпті, ауылда ешкім болмай қонақ келсе мал сойғызуға да ерік берген. Осындай заң қыздың төркінінен келген кимешекті киюмен бекітіледі.

Қыз күнінде тақия, келін болып түскенде сәукелені сұлулығын көрсету үшін кисе, кимешекті жылылық, тазалық үшін,пәле-жаладан аулақ болып, ана болуға дайындайды.

Кимешек келіншектің ақ тамағын, қолаң қара шашын, аршын төсін жауып, басқа біреудің қызығып тамсануынан сақтайды.

Кимешек кигеннен кейін ене мен келіннің арасында шынайы сыйластық пен терең түсіністік пайда болады. Жас бөбек қырқынан шыққаннан кейін енесі келінің төркініне төркіндету қамына кіріскен.

Осы 60 пен 70 аралығындағы топта жаппай кимешек пен орамал тартып суретке түсу үрдіс алды. Әрине қуанарлық жағдай.

Бірақ, жасы келген аналар кимешек киіп,төбесіне қырғыздың ұлттық бас киімін қоқитып киіп, жаңа түскен келіндей желек жамылған, енді бірі шіркеу поптарының бас киімін еске түсіретін қорқынышты түрге енген.

Баяғыда көрші апа өзіне іш киім тігіп жатыр екен, баламын ғой, екі түрлі матадан тігілген іш киімін көріп»:Апа, не екі түрлі?- дегенде жарықтық»: Сенің білмейтінің жоқ, ой Алла-ай, тіл мен жағыңа сүйеніп, бұдан келер ешкімге зиян жоқ, дамбалым, көйлегімнің ішінде жүреді»- деген сөзі есіме түсті.

Сол айтқандай кимешек кигендей образ жасап, киімді қасиетінен айырып, ұялмай елге жариялайсыздар.

Оған ел «апа жарасымды» » құтты болсын» деп риза боласыздар.

Ойланайық, қазақ қайда барамыз?

«Бояушы бояушы дегенде, сақалын бояйды» деп қазақ бекер айтпаған.

Ақ жаулықты аналарымызды ақ ниетінен, иманжүзділігінен, кіршіксіз ана деген мөлдір жан тазалығынан айырмаса екен!

Райхан МАТАЕВА, этнолог.

Facebook  жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.