Ахмединежадқа қастандық жасалған
Иранның бұрынғы президенті Махмұд Ахмадинежадты өлтірмек болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
15-шілде күні Иранның бұрынғы президенті Махмұд Ахмадинежадқа қастандық жасамақ болған ақпарат әлемдік БАҚ-та енді айтылып жатыр.
Бұл қастандық туралы оқиға орнында болған адамға сілтеме жасап, ирандық оппозициямен байланысы бар Iran International ақпарат агенттігі мәлімет таратты.
Өткен дүйсенбіде Ахмадинежад пен оның қасындағылар Иранның орталығындағы Зәнжан қаласына діни рәсімге баруы тиіс болған.
Экс-президенттің көлігіне жолға шығар алдында тексеру мақсатында әдеттегідей оның қауіпсіздік қызметінің басшысы отырып көрген. Toyota Land Cruiser көлігінен ақау байқаған ол экс-президенттің басқа көлікке отыруын сұраған. Өйткені Ахмадинежад отыруы тиіс темір тұлпардың кондиционері белгісіз себеппен істен шыққан. Осыған байланысты Ахмадинежад басқа көлікке отыруға мәжбүр болған.
Қауіпсіздік қызметінің әлденені сезіктенгені бекер емес екен. Қарадж-Казвин жолында Ахмадинежадқа тиесілі Land Cruiser көлігінің рөлі жұлынып, тежеуіші ұстамай қалған. Көлік бірнеше мәрте аударылып, жол жиегіндегі бетонға соғылған. Көлікте болған экс-президенттің оққағарлары жеңіл жарақат алған.
Осы оқиғадан екі күн бұрын Toyota Land Cruiser көлігі жөнделуі тиіс болған. бірақ көлікті “арнайы қызмет өкілдері” алып кетіп, басқа жерден “жөндетіп”, анықталған ақаулары реттелгенін айтқан.