Әйелдің білімді болуынан неге қорқасыз?

0
121

Қазақстан қоғамы қазір үлкен таңдаудың алдында тұрған секілді көрінеді. Демократия, ашықтық жолындағы еуропалық өркениет бағыты немесе шариғатты негізге алатын ислам елдері бағыты.

Қоғам қандай бағытты таңдайды, оған қоғамда болып жатқан процестерге сіз бен біздің қаншалықты араласа алатынымызда.

Солардың бірі алқабилердің қатысуымен өтіп жатқан Бишімбаевқа қатысты сот процесі. Алқабилер дегеніміз – Cіз бен Біз.

Бишімбаев ісі қазір отбасындағы құндылықтарды қайта қарауға әкеп жатыр. Бұл процесс қарым-қатынастағы «жабулы қазанды», шкаф ішінде тығулы жатқан скелеттерді ашып жатыр.

Өкінішке қарай, қоғамда «марқұмды өзі кінәлі деп, Бишімбаевты ақтап алушылар» баршылық. Тіптен, кейбір ер азаматтар әйеліне тікелей эфирдегі сот процесін де көрсетуге тыйым салып жатқан жағдайлар бар. Олар неден қорқады?

Жауап біреу ғана. Қыз-келіншек, әйелдердің оянуынан қорқады. Олардың сауатты, білімді болуынан қорқады.

Қазір медиа мамандар да айтып жатыр ғой, Қазақстанда ең көп тыңдалатын подкастар – діни уағыз айтылатын подкастар деп. Олардың қай-қайсын қарасаңыз да, басты тақырыбы – әйел. Бәрі әйелді жөнге салғысы келеді. Имамдар да әйелді тәрбиелегісі келеді.

Сот процесінен қарап отырмыз. Бишімбаев та әйелінен намаз оқуға, тәртіпті болуға қолхат алған. Діни сенім бостандығы дегеніміз, Конституцияда көрсетілгендей, әр адамның жеке ісі емес пе? Кім қандай дінді таңдайды, қалай құлшылық етеді, ол интимді дүние ғой. Ересек адам біреудің интимді дүниесіне қол салып, шекарасына қалай кіруге болады? Тіптен ол қосағы болса да.

Біздің қоғамда зорлық-зомбылықтан қаза тауып, бірақ оны жасағандардың жазасыз қалуы көп ғой. Қылмыскер жазасын алмай, аруағы тыншымай жатқандар да көп ғой.

Жалпы екі қылмыстың – адам өлтіру және адам зорлаудың мерзімі жоқ. Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де, қылмыскер жазасын алуы тиіс. Олай болмаса, оның қоғамға тигізетін зияны ауыр. Ол ұжымдық жараға алып келуі мүмкін. Сондықтан ғой, көптеген елдер әлі күнге дейін халыққа зұлымдық жасаған, геноцид жасағандарға баға беруді талап етіп келеді.

Бишімбаев ісінің тікелей эфирде ашық жүруі, әрине көңілге үміт ұялатады. Бұл процесті қазір күллі әлем бақылап отыр. Қарап отырмын, қазірдің өзінде шетел психологтары, заңгерлер процесті талдап, сот залындағы қатысушыларға мінездеме жасап жатыр.

Мен қазақ қоғамының демократиялық жолды таңдап, әйел демей, ер демей теңдік болатын, білімді, ғылымды негізге алатын ел болғанын қалаймын.

Жұлдыз Төлеудің

Facebook парақшасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.