Әйелін ұрған еркек көрсеңіз…

0
165

Жыл сайын елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жүзге жуық әйел өледі. Ондаған мың әйел сондай зорлық түрінен түрлі дене жарақаттарын алады. Өкінішке қарай, бүгінге дейін отбасында болатын ұрып-соғу, төбелесті ешкімге айтпай, бұл интимді мәселе деп ойлайтындар арамызда аз емес деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы Жаңа адамдар ұйымының мәлімдемесіне сүйеніп.

Мұнан да өкініштісі, әйелін төпелеп, ұрып-соғып жатқан еркекті ажыратып, арасына түсетін адам кем де кем. Неге? “Ол олардың отбасылық мәселесі, араласудың қажеті жоқ” деген түсініктегі кісілер мен  «Тыныш отыр, араласпа, сенің шаруаң қанша» дейтіндер көп. Осындай тоқтау сөздің кесірінен қаншама баланың психикасы бұзылып, қаншама қыз-келіншек азапты өмір сүруде.

Ең қауіптісі, 2021 жылы елімізде  61 464 тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 125 000-ға артыпты. Жаңа адамдардан құралған “Жоқ!” жобасының белсенділері “Қабырғаның арғы бетіндегі айғай-шу” атты қоғамдық акцияны бастады. Жоба аясында белсенділер Астананың көшелерінде арнайы жәрдем орындарын ашады.

Бұл жәрдем беру орындары кәдімгі пәтер секілді жасалып, қабырға тұсына стакандар ілініп қойылмақ. Сол стакандарды құлаққа тақап, қабырғаның арғы бетіндегі айғай-шуды естуге болады.

Сонымен қатар жердем орнына келгендер арнайы маманның кеңесін ала алады. Өз басындағы жағдайымен бөлісіп, психологтың көмегіне жүгінеді. Сондай-ақ жәрдем орнында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кісіге қалай көмектесуге болатынын да осындағы мамандар түсіндіріп береді. Алғашқы мұндай жәрдем орны Астанадағы ЭКСПО аумағында 25 ақпан күні ашылды.

“Жоқ!” жобасының белсенділері бүкіл қазақстандықтарды тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа бейжай қарамауға, біріге жұмыс істеуге шақырады. Біздің осындай белсенді әрекетіміз адам өмірін құтқаратынын ұмытпайық дейді Жаңа адамдар.

Фото ашық дереккөзден алынды.