Әлия Назарбаева кәсіпкердің бизнесін тартып алған

0
25

Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында бизнесмен Нұрлан Бимурзин мен қоғамдық өкіл Жарқын Күрентаев баспасөз мәслихатын өткізді. Бизнесмен 20 жыл бұрын активін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева тартып алғанын айтып, Бас прокуратураға арыз түсіргенін мәлімдеді. Қазір оның іс-материалдары Бас прокуратурасының активтерді қайтару жөніндегі комитетінің қарауында жатыр, деп хабарлайды, Democrat.kz  ақпараттық порталы  Ulysmedia.kz.-ке сілтеме жасап.

Ақпарат қайдан тарады?

Баспасөз конференциясына аңдатпада әуелі депутат Ермұрат Бапи келетіні жазылған. Алайда депутат келген жоқ. Кәсіпкерлер отырысты өздері өткізді.

– 2002 жылы бізге әуелі қаржы полициясы қысым көрсетті. Сол кезде Әлия Назарбаеваның өкілі келіп, қаржы полициясынан қорған бола алатынын, ол үшін бизнестің 50 пайызын берілуі керектігін айтты. Ол өкілдің атын айтпай-ақ қояйын, себебі ол өмірден өтіп кеткен. Бір жылдан кейін Әлия Назарбаева “маған енді қалған үлесті де берулерің керек” деді.

Бұл әңгіме 2003 жылдың қазанында басталды. Шынымды айтсам, неге екенін басында түсінбей қалдық. 2003 жылдың қазанында менің әкемді олар алып кетіп, оның кеңсесіне апарған. Әкеммен сөйлескен ол (Әлия Назарбаева – авт.) сұрақты төтесінен қойған: екі ұлың бар, олар үшін алаңдайсың ба, жоқ па деген.

Қысқасы, ақыры менің әкем “отбасыма тиіспе, бәрін берем” деп құтылған. Келесі күні мен бардым. Ол жерде Әлия болған жоқ, бірақ оның орнына Рогова болды (Конституциялық кеңестің төрағасы болған Игорь Роговтың әйелі Валентина). Мен сол жерде үлесімді бар-жоғы сол жерде 18 125 теңгеге сатуға мәжбүр болдым, – дейді Нұрлан Бимурзин.

Бизнесмен өзінің сол кездегі активін 170 млн долларға бағалайды. Жеті мұнай базасы мен 96 жанар-жағармай құю бекеті болғанын айтады.

Нұрлан Бимурзин 2024 жылдың 19 ақпанында Бас прокуратураға арыз түсіргенін айтады.

– Бізді Парламент депутаттары, қоғам өкілдері, Елге қайтару ұйымының басшылары қолдап отыр. Әлия Назарбаева 2021 жылы “Место силы” деген кітап шығарды. Болат Әбілов айтқандай, бұл әйел бізге мейірімді болуға, алып күшке табынуға шақырады. Осы адамдардың басынан өткен жағдайды қарап шықтым.

Бұл іске мемлекеттің күш құрылымдарын Әлия Назарбаева қалай тартқан? Мұны тергеу анықтай жатар. Осы қылмыстық шеңберінде Бимурзиннің адвокаттары Әлия Назарбаеваның Қазақстан аумағындағы бүкіл мүлкін бұғаттау жөнінде арыз түсіргелі жатыр. Сот аталған іске әділетті баға берер деген сенімдеміз, – дейді қоғам өкілі Жарқын Күрентаев.

Фото ашық дереккөзден алынды.